
Өзбекстан Мәдениет министрі Озодбек Назарбековтың тойда ән айтып жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең тарап кетті. Кадрларда шараға қатысып отырған қонақтардың орындау кезінде әртіске ақша – 100 және 200 мың сомдық купюралармен, сондай-ақ, долларлармен сый-сияпат жасап жатқаны көрінеді.
Аталған видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылауға себеп болды. Кейбір қолданушылар мұны халық дәстүрінің бір бөлігі, орындаушыға деген құрмет пен алғыстың белгісі ретінде қабылдады.
Басқалары болса, министрдің мемлекет қайраткері ретінде мұндай әрекетін орынсыз деп есептеді. Озодбек Назарбеков 1974 жылғы 7 мамырда Андижан облысының Шахрихан ауданында дүниеге келген.
Ол – Өзбекстан және Қарақалпақстан халық артисі, «Ел-юрт құрметі» орденінің иегері, танымал өзбек әншісі, композитор және қоғам қайраткері. Назарбеков шығармашылық жолын 1990-жылдары бастаған және аз уақытта өзбек эстрадасының ең танымал тұлғаларының біріне айналған.
Оның әйгілі әндері қатарында «Жондан азиз», «Қадамлар ҳикмати» және «Муштарак манзил» секілді шығармалар бар. Ол тек жеке концерттерімен ғана емес, сонымен қатар Юлдуз Усманова, Дилсоз және Шахзода секілді танымал өнер адамдарымен де шығармашылық ынтымақтастықта болған.
2018 жылы Назарбеков Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған, 2020 жылғы желтоқсанда Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрі лауазымына тағайындалды. Сонымен қатар, ол Юнус Раджаби атындағы Өзбек ұлттық музыка өнері институтын басқарады.
Назарбеков бұған дейін де әлеуметтік желілерде талқылауға себеп болған. 2024 жылы ол KINGSMAN киім дүкені жарнамасына, ағымдағы жылдың тамыз айында болса Қоқан University жекеменшік университетінің проморолигіне қатысқан.
Озодбек Назарбековтің тойда ән айтуы әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірді
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз