«Үйде жалғыз» фильмінде Кевиннің анасын сомдаған актриса қайтыс болды

Кеше, 30 қаңтар күні актриса Кэтрин О’Хара 71 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның агенті БАҚ-қа хабарлаған. Кэтрин О’Хара — америкалық-канадалық актриса, ол ең алдымен «Үйде жалғыз» фильміндегі Кевиннің анасы Кейт бейнесі арқылы миллиондаған көрерменге танылған. Фильм сюжеті бойынша Кевин кездейсоқ үйде жалғыз қалып, ұрыларға қарсы күреседі, ал анасы ұлын құтқару үшін үйге қайтуға асығады. О’Хара бұл рөлді 1992 жылы түсірілген екінші бөлімде де жалғастырған.
Актрисаның шығармашылық жолы 1970 жылдардың ортасында Канадада басталғаны айтылады: ол комедиялық телебағдарламаларға қатысып, тек актриса ретінде ғана емес, сценарий авторы ретінде де еңбек еткен. Сценарий жазудағы үлесі үшін 1982 жылы алғаш рет «Эмми» сыйлығын алғаны атап өтіледі.
2010 жылдардың ортасынан бастап О’Хара қайтадан үлкен танымалдылыққа ие болды: Schitt’s Creek комедиялық сериалында басты рөлдердің бірін сомдап, жаңа жанкүйерлер тапты. Сериал 2015–2020 жылдары көрсетіліп, жалпы 6 маусымнан тұрған. Соңғы жылдары да ол белсенді шығармашылықпен айналысуды жалғастырған. Мысалы, 2025 жылы The Studio сериалында қатысқаны да айтылады.
Айта кету керек, «Үйде жалғыз» фильмі әлі күнге дейін ең танымал Жаңа жыл фильмдерінің бірі болып саналады, телеарналар мен платформаларда тұрақты түрде көрсетіледі — сондықтан О’Хараның Кейт бейнесі көптеген көрермендердің жадында өшпес із қалдырды.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!