Google алаяқтарға қарсы жасанды интеллекті бар қорғаныс жүйесін іске қосты

Google компаниясы Android пайдаланушыларын жасанды интеллект көмегімен жасалған deepfake алаяқтықтарынан қорғау үшін жаңа функция іске қосылғанын жариялады. Бұл жүйе тұлғаны қолдан жасау арқылы жүзеге асырылатын қоңырауларды анықтауға көмектеседі. Жаңарту осы айдан бастап Android 12 және одан жоғары нұсқадағы құрылғыларда, атап айтқанда, Pixel смартфондарында Phone by Google қосымшасы арқылы жұмыс істей бастайды. Бұл туралы хабарлайды Techcrunch.com.
Қазіргі уақытта алаяқтар сенімді телефон нөмірлерін қолдан жасау (spoofing) және AI технологиялары арқылы жақын туыстардың немесе басшылардың дауысын ұқсату арқылы ақша бопсалауға тырысуда. Google ұсынған жаңа шешім құрылғылар арасындағы өзіндік «цифрлық қол алысу» қағидаты негізінде жұмыс істейді. Егер қоңырау шалып тұрған тараптың құрылғысы шынайылық сигналын жібермесе, жүйе пайдаланушыны дереу ескертеді.
Бұл технология Rich Communication Services (RCS) хаттамасы негізінде құрылған, болашақта басқа қосымшалар мен компаниялар да оны пайдалана алады. Google өкілдерінің айтуынша, егер жүйе күдікті қоңырауды анықтаса, экранда байланысты дереу үзу туралы ұсыныс пайда болады. Бұл пайдаланушыларды күтпеген қаржылық шығындардан сақтауға қызмет етеді.
Сондай-ақ, Android жүйесіне басқа да қызықты жаңалықтар қосылды. Google Photos қосымшасында киімдерді виртуалды түрде киіп көруге мүмкіндік беретін «wardrobe» функциясы пайда болды. Google Play Books болса пайдаланушыларға шығарманы қалған жерінен жалғастыру үшін қысқаша мазмұнды ұсынатын «Catch me up» функциясын енгізді.
Тағы бір маңызды жаңарту Circle to Search функциясына қатысты, енді ол суреттегі бүтін бір бейнені (киім-кешек жиынтығын) бір уақытта іздеп табу мүмкіндігіне ие. Бұрын пайдаланушылар әр затты бөлек іздеуге мәжбүр болатын. Бұл жаңарту Android 14 және одан жоғары нұсқадағы барлық сәйкес құрылғыларда пайдалануға берілді.



















Пікірлер 0
…