date

Amazon OpenAI-ға ірі инвестиция салуды жоспарлауда

Amazon OpenAI-ға ауқымды инвестиция салуды жоспарлауда

Amazon корпорациясы ChatGPT чат-ботын әзірлеп жатқан OpenAI компаниясына 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы Reuters дереккөздеріне сүйене отырып хабарланды. Қазіргі уақытта тараптар арасындағы келіссөздер бастапқы кезеңде тұр, ал келісімнің нақты шарттары әлі ресми түрде бекітілмеген.

Мәліметтерге сәйкес, OpenAI өзінің құнын 1 триллион АҚШ долларына бағалап, IPO — акцияларды ашық орналастыруға дайындық жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Егер мәміле жүзеге асса, OpenAI Amazon-ның Trainium деп аталатын жасанды интеллектке арналған арнайы чиптерін сатып алып, нейрон желілерін оқыту процесінде қолдануы мүмкін.

Қазіргі уақытта бұл чиптер Databricks, Ricoh және NinjaTech AI секілді ірі технологиялық компаниялар тарапынан белсенді пайдаланылып жатқаны атап өтілуде. Бұл өз кезегінде Amazon-ның жасанды интеллект инфрақұрылымын нарықта белсенді түрде ілгерілетіп отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, OpenAI ChatGPT-нің корпоративтік нұсқасын Amazon-ға ұсыну мәселесін де қарастыруда. Алайда, әзірше чат-ботты Amazon-ның маркетплейсі немесе қызмет көрсету жүйесіне толықтай интеграциялау бойынша нақты шешім қабылданған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Microsoft OpenAI-дағы 27 пайыздық үлесті сатып алып, чат-бот модельдерін өзінің бұлтты платформалары арқылы клиенттерге эксклюзивті түрде ұсыну құқығын иемденген болатын. Бұл жасанды интеллект нарығындағы бәсекелестіктің одан әрі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, егер Amazon да OpenAI-ға ірі инвестиция салса, ғаламдық AI нарығында күштердің арақатынасы жаңа деңгейге шығуы мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Amazon OpenAI-ға ірі инвестиция салуды жоспарлауда