date

Литва Беларусьпен шекарасын ашты


Литва Беларусьпен шекарадағы екі өткізу бекетін жоспарланған мерзімнен бұрын ашу туралы шешім қабылдады. Бұл Шалчининкай және Мядининкай өткелдері жайында.

Аталған бекеттер қазан айының соңында Беларустан ұшып келген және Вильнюс әуежайының жұмысына кедергі келтірген метеошарлардың салдарынан жабылған еді. Алғашқыда шектеу 30 қарашаға дейін жалғасады деп күтілген болатын.

Ішкі істер министрі Владислав Кондратовичтің айтуынша, жағдай өзгерді және бұған дейін қолданылған шаралар енді қажет емес. Алайда үкімет ескертуде: егер контрабанда шарларына қатысты мәселе қайта пайда болса, шекаралар қайта жабылуы мүмкін.

Премьер-министр Инга Ругинене метеошарлар саны айтарлықтай азайғанын және әуежай тұрақты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өткелдердің жұмысын қайта қалпына келтіруге бір күн жеткілікті болады.

17 қарашада Польша Беларусьпен шекарадағы бақылау бекеттерін қайта ашқаннан кейін, Литва Беларусь шекара қызметімен техникалық келіссөздер жүргізді. Кездесуде контрабанда, миграция және көрші елде тоқтап тұрған литвалық жүк көліктерінің мәселелері талқыланды.

Литва Шекара қызметінің басшысы Рустамас Любаявастың айтуынша, Беларусь ынтымақтастыққа дайын екенін білдірген. Литва шекара қызметі контрабанда схемаларын тоқтатуды және кептелісте қалған жүк көліктерінің өз еліне қайтуына мүмкіндік беруді талап етті.

Бұған дейін Беларусь литвалық жүк көліктерінің шекарадан өтуін тоқтатқан болатын, соның салдарынан мыңнан астам автокөлік кезекте қалып қойды. Минск контрабанда айыптарын жоққа шығарып, бұл істе литвалықтардың өздері қатысып жатқанын айтты.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Вильнюстің өткізу бекеттерін жабу шешімін "ақылсыз авантюра" және "тіпті кішігірім мемлекетке де лайықсыз әрекет" деп сынға алған еді.
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Литва Беларусьпен шекарасын ашты