Өзбекстан мен Парагвай сауда және бизнесті дамытады

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Парагвай Президенті Сантьяго Пенья Ташкентте келіссөздер өткізіп, олардың қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Кездесу барысында тараптар сауда, мәдениет, білім және гуманитарлық жобалар секілді негізгі ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Әсіресе, өзара сауда көлемін ұлғайту, іскерлік байланыстарды дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, азық-түлік, химия өнеркәсібі, цифрлық технологиялар, туризм және спорт салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аясында нарықтардың ашықтығы бойынша екіжақты келіссөздердің аяқталғандығы туралы Хаттамаға қол қойылды.
Сонымен қатар, саяси консультациялар өткізу үшін екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында ынтымақтастық механизмін құру туралы өзара түсіністік Меморандумына да қол қойылды.