Қызғаныш қасіретке ұласты: студент пен шетелдік қаза тапты

Ташкентте болған сұмдық оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 21 мамырында Сергелі ауданында Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетіне қатысты ауыр қылмыс жасалды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, аталған жоғары оқу орнында қосымша жұмыс істейтін 1998 жылы туған жігіт қызғаныш салдарынан 2004 жылы туған студент қызға және оның танысы — 1975 жылы туған Қытай Халық Республикасының азаматына пышақпен шабуыл жасаған.
Оқиға салдарынан шетелдік азамат оқиға орнында көз жұмды. Ауыр дене жарақатын алған студент қыз дәрігерлердің көмегіне қарамастан, екі күннен кейін — 23 мамырда ауруханада қайтыс болды.
Анықталғандай, зардап шеккен студент қыз университет жатақханасында тұрған. Әзірге университет тарапынан бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Сергелі ауданы прокуратурасы аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 97-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.
Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, пайдаланушылар мұндай қасіреттердің алдын алу қажеттігін атап өтуде.



















Пікірлер 0
…