Ормуз бұғазы қайта жабылды: аймақта шиеленіс күшейді

Иран Ормуз бұғазының қайтадан жабылғанын жариялады. Бұл туралы IRNA ақпарат агенттігі хабарлады.
“Хатам әл-Әнбия” орталық қолбасшылығының өкіліне сәйкес, АҚШ тарапынан жалғасып жатқан теңіз қысымы мен блокада салдарынан Ормуз бұғазы қайтадан жабу режиміне енгізілген.
Ресми мәлімдемеде Иран Ислам Республикасы бұған дейін қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, шектеулі мөлшерде мұнай және сауда кемелерінің өтуіне рұқсат бергені айтылған.
Алайда қолбасшылық өкілі АҚШ өз міндеттемелерін қайта бұзып, теңіз жолдарындағы қысым мен бақылауды күшейтіп жатқанын мәлімдеді. Осы себепті Иран тарапы Ормуз бұғазы бойынша бұрынғы қатаң режимді қайта қалпына келтіруге мәжбүр болған.
“Енді бұл стратегиялық су жолы Иран Қарулы Күштерінің толық бақылауында болады”, — делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, АҚШ Ираннан шығатын және Иранға кіретін барлық кемелер үшін толық еркін қозғалысты қамтамасыз етпейінше, бұғаздағы жағдай қатаң бақылауда қала беретіндігі қосылған.
17 сәуір күні Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Ормуз бұғазы белгілі бір уақытқа сауда кемелері үшін ашылғанын хабарлаған еді. Бұл шешім Израиль мен “Хезболла” арасындағы атысты тоқтату келісімі аясында қабылданғаны айтылған.
Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның мәлімдемесіне қарамастан, Иранның теңіз блокадасы күшінде қалып отырғанын айтқан.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!