Винисиус «Реал Мадридпен» жаңа келісімшартқа қол қояды

Бразилиялық шабуылшы Винисиус Жуниор ұзаққа созылған келіссөздерден кейін «Реал Мадрид» клубымен жаңа ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Sky басылымының хабарлауынша, тараптар арасында келісімнің соңғы бөлшектерін растау ғана қалған. Футболшының қазіргі келісімшарты 2027 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бұл туралы Goal.com хабарлайды.
Бұған дейін шабуылшының жалақыға қатысты жоғары талаптарына байланысты келіссөздер тоқтап қалған еді. Бұл жағдай Сауд Арабиясы клубтарының Винисиусқа астрономиялық жалақы ұсынуына және түрлі қауесеттердің көбеюіне себеп болды. Алайда 25 жастағы футболшы Мадридте қалуды жөн көрді және жекелеген жеңілдіктерден бас тартуға келісті.

Жаңа келісімге сәйкес, Килиан Мбаппе команданың ең көп жалақы алатын футболшысы болып қала береді. Винисиус жалақысының өскеніне қарамастан, франциялық командаласынан азырақ табыс табады. Бұл бразилиялық жұлдыздың клубта қалуға деген ниеті қаншалықты күшті екенін көрсетеді.
Сондай-ақ келесі маусымда команданы кім басқаратыны әзірge белгісіз. Еуропа Чемпиондар лигасынан шығып қалған және Испания чемпионатында «Барселонадан» 9 ұпай артта қалған «Реал Мадридтің» жаттықтырушысы Альваро Арбелоа маусым соңында қызметінен кетеді деп күтілуде. Үміткерлер арасында Дидье Дешам мен Себастьян Хенесс есімдері аталуда.
Винисиус 2018 жылы «Фламенгодан» ауысқаннан бері «Реал Мадрид» сапында 370 ойынға қатысып, 124 гол соқты. Ол клубпен бірге екі рет Чемпиондар лигасын және үш мәрте Ла Лига чемпионы атағын жеңіп алған.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!