date

Азық-түлік қауіпсіздігінде бірыңғай бақылау жүйесі құрылады

Өзбекстанда азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі, фитосанитария және ветеринария салаларындағы басқару мен бақылау жүйесін түбегейлі жетілдіруге бағытталған маңызды президент жарлығы қабылданды. Бұл құжат елдегі «алқаптан дастарқанға дейінгі» процесті одан әрі ретті, ашық және халықаралық стандарттарға сай жолға қоюды көздейді.

Жарлықтың негізгі мақсаттарының бірі — салаға жауапты мекемелер қызметіндегі бір-бірін қайталайтын міндеттерді оңтайландыру және бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Яғни, азық-түлік қауіпсіздігі, ветеринария, фитосанитария және карантиндік бақылаудағы жауапкершілік нақты белгіленеді, артық бюрократия азайтылады, шешім қабылдау процесі жеңілдетіледі.

Жаңа жүйе «алқаптан дастарқанға дейін» қағидасы негізінде жұмыс істейді. Бұл дегені, өнім өсіріліп жатқан сәттен бастап, оны сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу, сату және тұтынушыға жеткенге дейінгі бүкіл тізбек тәуекелдерді талдау негізінде бақыланады. Мұндай тәсіл тек мәселе туындағаннан кейін шара қолдану емес, тәуекелдерді алдын ала анықтауға және олардың алдын алуға қызмет етеді.

Жарлықта қолданыстағы санитариялық ережелерді халықаралық талаптарға сәйкестендіру де белгіленген. Атап айтқанда, нормалар «Кодекс Алиментариус» стандарттары, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымы, сондай-ақ Өсімдіктер карантині және қорғауы жөніндегі халықаралық конвенция талаптарына сәйкестендіріледі. Бұл — Өзбекстан өнімдерінің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды қадам.

Құжатқа сәйкес, Өсімдіктер карантині және қорғауы агенттігі мен Ветеринария және мал шаруашылығын дамыту комитеті негізінде Азық-түлік өнімдері қауіпсіздігі комитеті құрылады. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанында Мал шаруашылығы және жайылым шаруашылығын дамыту агенттігі де жұмысын бастайды. Бұл өзгерістер саладағы жауапкершілікті бір орталыққа шоғырландыруға және бақылау сапасын арттыруға бағытталған.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы кейбір функциялар кезең-кезеңімен жеке секторға беріледі. Осы арқылы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін сақтай отырып, жеке сектор мүмкіндіктерін кеңірек пайдалану жоспарлануда. Басқаша айтқанда, жүйеде мемлекет те, бизнес те өз орнында жұмыс істейтін жаңа модель қалыптасады.

Сондай-ақ, Комитет жанында Азық-түлік өнімдері қауіпсіздігі институты құрылады. Бұл институт ғылыми талдау, кадрлар даярлау, стандарттарды жетілдіру және тәуекелдерді бағалауда маңызды орталыққа айналуы мүмкін.

Жарлықтың кәсіпкерлер үшін де маңызды тұстары бар. Шешімге сәйкес, тексеруге бағытталатын қоймаларда жүктерді сақтау шығындары 60 миллиард сумға дейін қысқартылады. Бұл бизнес өкілдері үшін айтарлықтай жеңілдік болады. Өйткені артық күту, қойма шығындары және қағазбастылық әрбір кәсіпкер үшін уақыт пен ақша деген сөз.

Әкелінетін фитосанитариялық тәуекел деңгейі орташа тауарларды бақылауға жұмсалатын уақыт та қысқартылады. Бұрын бұл процесс орташа есеппен 3 жұмыс күнін құраса, енді 1 жұмыс күніне дейін азайтылуы белгіленуде. Бұл импорт процестерін жеделдетуге, өнім айналымын жандандыруға және нарықтағы қамтамасыз ету тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.

2026 жылғы 1 тамыздан бастап карантиндегі өнімдердің фитосанитариялық бақылауын жүзеге асыруда тәуекелдерді басқаруға негізделген автоматтандырылған іріктеу механизмі енгізіледі. Мұнда адам факторы азаяды, жүйе болса тәуекел деңгейіне қарай қай жүкті тереңірек тексеру керектігін автоматты түрде белгілейді.

Тәуекелдерді басқару жүйесі «E-Fitouz» электрондық порталында қалыптастырылады және Кеден комитетінің «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Бұл цифрландыру процесі фитосанитариялық бақылауды жедел, ашық және ыңғайлы етуге қызмет етеді. Қағазбастылық азаяды, деректер болса бірыңғай электрондық кеңістікте жүргізіледі.

2026 жылғы тамыздан бастап сынақ ретінде жеміс-көкөніске маманданған кейбір аудандарда өнімдерді өсіруден экспортқа дейінгі фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыруда қоғамдық инспектор қызметі де жолға қойылады. Бұл жергілікті деңгейде бақылауды күшейтуге және экспортқа шығатын өнімдердің сапасын ертерек кезеңнен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды жаңалық — 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап жеміс-көкөніс өнімдерінің экспорты тек агрологистикалық орталықтар арқылы жүзеге асырылады. Бұл тәртіп өнімдерді сұрыптау, сақтау, қаптау, сертификаттау және экспортқа дайындау процестерін бірыңғай стандарт негізінде ұйымдастыруға бағытталған.

Қысқасы, бұл жарлық азық-түлік қауіпсіздігі саласында үлкен жүйелі өзгерістерді бастап береді. Енді бақылау көбірек тәуекелдерді талдауға, цифрландыруға және халықаралық стандарттарға негізделеді. Бұл тұтынушы үшін қауіпсіз өнім, кәсіпкер үшін жедел процестер, экспорттаушы үшін сенімді нарық деген сөз. Бағыт дұрыс: қағаз аз, сапа көп және нақты жауапкершілік.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Азық-түлік қауіпсіздігінде бірыңғай бақылау жүйесі құрылады