Құрылыс алаңындағы «жанды концерт»: жұмысшылар жасаған ерекше шоу интернетті жаулап алды

Әлеуметтік желілерде Өзбекстандағы құрылыс нысандарының бірінде түсірілген ерекше видео қызу талқылануда. Онда құрылысшылар қарапайым жұмыс процесін күтпеген жерден шығармашылық сахнаға айналдырып, импровизациялық «концерт» ұйымдастырған.
Жұмысшылар дәнекерлеу аппаратын, «болгарканы», арматура мен басқа да құрылыс құралдарын ерекше тәсілмен пайдаланып, өзіндік ырғақ пен дыбыстар жаратқан. Құралдардан шашыраған ұшқындар сахнадағы жарық эффектілері секілді бейнеге ерекше көрік берген.
Көрермендер үшін бұл жай ғана жұмыс емес, еңбек пен шығармашылық тоғысқан нағыз шоуға айналды. Видеоны көрген қолданушылар пікірлерде құрылысшылардың бұл өнерін «сахнасыз, колонкасыз, бірақ ең керемет концерт» деп сипаттауда.
Бұл видео интернетте тез тарап, мыңдаған лайк пен түрлі реакция жинап үлгерді. Көптеген қолданушылар жұмысшылардың шығармашылығы мен көңіл-күйін жоғары бағалап, мұндай ерекше сәттер күнделікті өмірге түрлі-түсті реңк қосатынын атап өтуде.