Айт қарсаңындағы қуанышты хабар: 8 мың балаға 200 доллардан бөлінді

Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен Құрбан айт мерекесіне орай мұқтаж жандарды қолдау бойынша маңызды ұсыныстар қаралды.
Оған сәйкес, Өзбекстанда 8 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ Отан қорғау жолында қаза тапқандардың балаларына 200 АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл қаражат олардың депозиттік шоттарына аударылады.
Сондай-ақ, айт мерекесіне орай денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, 10 мың балаға ота жасау, мыңдаған онкологиялық және гематологиялық науқастарды емдеу, кемінде 350 науқастың бауыр және бүйрек трансплантациясы шығындарын өтеу көзделген.
Бұдан бөлек, 500 мешітте дәретханалар салу және жөндеу, зираттарды абаттандыру, мұқтаж отбасыларды, жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Аталған шаралар «Уақып» қайырымдылық қоры арқылы бөлінетін 690 миллиард сум қаражат есебінен жүзеге асырылады.
