Tesla жасанды интеллект компаниясын 2 млрд АҚШ долларына сатып алды

"Tesla" компаниясы 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша есебінде жасанды интеллектке арналған жабдықтар шығаратын белгісіз компанияны сатып алғанын мәлімдеді. Мәміле құны 2 млрд долларды құрайды және бұл қаражат акциялар түрінде төленеді. Қызығы сол, компания басшылығы бұл ірі мәміле туралы акционерлермен кездесуде немесе тоқсандық есептің таныстырылымында тіс жармаған. Бұл туралы Electrek.co хабарлайды.
Қаржылық құжаттарға сәйкес, 2 млрд доллардың тек 200 млн доллары кепілдендірілген төлем болып табылады. Қалған 1,8 млрд доллар сатып алынған компания технологияларының сәтті енгізілуіне және инженерлер командасының жұмыс нәтижесіне қарай кезең-кезеңімен төленеді. Мамандардың пікірінше, мұндай құрылым "Tesla"-ның әлі өзін толық ақтамаған, бірақ болашағы зор технологияға инвестиция салып жатқанын білдіреді.
Әзірге сатып алынған компанияның атауы мен қызмет бағыты жарияланған жоқ. Бұл сатып алу "Tesla"-ның жасанды интеллект саласындағы шығындары күрт өскен кезеңге тұспа-тұс келді. Компания 2026 жылы осы бағыттағы жобаларға, соның ішінде "AI5" чипі мен "Terafab" жартылай өткізгіштер зауытының құрылысына 25 млрд доллардан астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.
Сарапшылар "Tesla"-ның негізгі автомобиль бизнесінен түсетін пайда азайған тұста, жасанды интеллектке мұндай қомақты қаражат бағыттауын қауіпті деп санайды. Компанияның таза пайдасы 477 млн долларды құрағанымен, тек бір тоқсанның өзінде жасанды интеллектпен байланысты инвестициялар көлемі 4 млрд долларға жеткен.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!