date

Тоқаев пен Мирзиёев Бұхараның тарихи мұрасын бірге аралады (фото)

Тоқаев пен Мирзиёев Бұхараның тарихи мұрасын бірге аралады (фото)

Фото: Президенттің баспасөз қызметі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен бірге көне әрі тарихи Бұхара қаласының әлемге әйгілі сәулет ескерткіштерін аралады. Атап айтқанда, жоғары мәртебелі қонаққа Арк қамалы, Пои Калон кешені және Лаби-Хауз ансамблі көрсетілді.

Сапар барысында қонақтарға осы бірегей тарихи ескерткіштердің пайда болу тарихы, сәулеттік стилі, сондай-ақ Шығыс өркениеті, ғылым, мәдениет және қала құрылысының дамуындағы рөлі туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Алдымен делегация бірнеше ғасыр бойы Бұхараның саяси және әкімшілік орталығы қызметін атқарған әйгілі Арк қамалында болды. Тарихи деректерге сәйкес, бұл қамал ғасырлар бойы қалыптасып, кейінгі кезеңдерде Бұхара билеушілерінің негізгі резиденциясына айналған. Қазіргі таңда ол ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Бұхара тарихи орталығының маңызды бөліктерінің бірі болып табылады.

Одан кейін көшбасшылар Орталық Азиядағы ең көрнекті сәулет кешендерінің бірі – Пои Калон ансамблін аралады. 1127 жылы салынған әйгілі Калон мұнарасы бұл кешеннің ең көзге түсетін нысаны болып, ғасырлар бойы тек Бұхараның сәулеттік символы ғана емес, сонымен қатар қаланың нағыз «визит карточкасы» ретінде танылып келеді.

Кешен құрамына XVI ғасырдың басына жататын Калон мешіті мен Мир Араб медресесі де кіреді. Бұл тарихи ансамбль Шайбани әулеті дәуірі сәулет өнерінің ең жарқын үлгілерінің бірі ретінде бағаланады.

Содан кейін делегация Лаби-Хауз кешенін де аралады. Ежелгі су қоймасының айналасына салынған бұл ансамбль Көкілташ медресесін, Надир Диванбеги медресесін және ханақаны қамтиды. Ол ғасырлар бойы жергілікті тұрғындарды, саяхатшыларды және ғалымдарды өзіне тартқан маңызды рухани орталық болып келген.

Сапар барысында халық қолөнері, дәстүрлі безендіру өнері және сәулеттік ою-өрнектердің ерекшеліктері де көрсетілді. Сонымен қатар қонақтарға Бұхараның Ұлы Жібек жолы кезеңінде ислам өркениетінің ірі ғылым, білім және сауда орталықтарының бірі болғаны туралы мәлімет берілді.

Сонымен бірге Бұхараның аймақ үшін маңызды рухани-ағартушылық орталық болғаны ерекше атап өтілді. Мұнда көрші халықтардың, соның ішінде қазақ зиялылары мен ағартушыларының көптеген өкілдері білім алған, бұл екі халықтың ортақ тарихи-мәдени мұрасының маңызды беттерінің бірін құрайды.

Атап айтқанда, қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосқан Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты белгілі тұлғалардың Бұхара медреселерімен байланысты ғылыми қызметі ерекше аталды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Тоқаев пен Мирзиёев Бұхараның тарихи мұрасын бірге аралады (фото)