date

Путин: Трамп ұсынған жаңа жоспар бейбітшілікке негіз болуы мүмкін

Путин: Трамп ұсынған жаңа жоспар бейбітшілікке негіз болуы мүмкін

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі әзірлеген Украина бойынша бейбітшілік жоспары туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл құжат Ресей-Украина арасындағы ұзаққа созылған қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу үшін белгілі бір негіз бола алады.

Путин Ресей жоспарға қатысты мәтінді ресми түрде алғанын растады. Бірақ ол бүгінге дейін Мәскеумен егжей-тегжейлі талқыланбағанын айтты. Оның негізгі себебі ретінде Украина үкіметінің әзірге ұсынылған шарттармен келіспейтінін көрсетті.

Президент мыналарды атап өтті:

"Аляскадағы келіссөздерден кейін Америка тарапы белгілі бір үзіліске ұшырады. Бұл Украина тарапының Трамп ұсынған бұрынғы жоспардан бас тартуына байланысты болуы мүмкін. Осыдан кейін 28 тармақтан тұратын жаңартылған - модернизацияланған нұсқа пайда болды. Бізде бұл мәтін бар, оны байланыс арналары арқылы алдық. Менің ойымша, ол болашақта жасалатын бейбіт келісімнің негізі бола алады. Бірақ әзірге бізбен оның мазмұны егжей-тегжейлі талқыланған жоқ. Себебін болжауға болады - Украина келіспейді."

Путин сондай-ақ Киев пен оның еуропалық серіктестері әлі де "майданда Ресейді стратегиялық түрде жеңуге болады" деген иллюзияда екенін айтты. Ол мұндай ұстанымның шынайы жағдайдан алыс екенін, объективті мәліметтердің жетіспейтінін атап өтті.

Бұл жоспар туралы Axios басылымы хабарлаған болатын. Құжат жоба ретінде бағаланғанымен, оның шынайылығын Украина мен АҚШ дереккөздері растады. Жоспарда Украинаның бірқатар аумақтық және әскери мүмкіндіктеріне қатысты терең жеңілдіктері бар екені айтылады. Сондықтан кейбір Еуропа елдері бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсылық білдіруде - олардың пікірінше, мұндай шарттар Украина қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Сонымен қатар, Зеленский Вашингтонмен жаңа жоспар бойынша техникалық деңгейде жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, Украина бейбітшілікке қол жеткізгісі келеді, бірақ мұнда халықтың қадір-қасиеті мен ұлттық мүдделер бірінші орында тұруы керек.

Әлемдік саяси алаңда қызу талқыға түсіп үлгерген бұл құжат төңірегіндегі пікірталастардың әлі де жалғасатыны анық. Өйткені әрбір тармақ, әрбір қағида Украинаның болашағына және Еуропа қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Путин: Трамп ұсынған жаңа жоспар бейбітшілікке негіз болуы мүмкін