33 елдің тұрғындарына соғыс жағдайына дайын болу ұсынылды

33 елдің тұрғындарына соғыс жағдайына дайын болу ұсынылды

Newsweek басылымының хабарлауынша, әлемнің 33 елі тұрғындарға ықтимал соғыс, ірі кибершабуылдар және басқа да төтенше жағдайларға дайын болуды ұсынып отыр. Бұл мемлекеттер қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Канада, Мексика, Швеция, Норвегия, Үндістан, Аустралия және Жаңа Зеландия сияқты елдер бар.

Көптеген мемлекеттер азаматтарға кемінде 72 сағатқа жететін азық-түлік пен су қорын дайындап қоюға кеңес берген. Франция, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Мексика және Нидерландта үш күндік қор ұсынылады. Швеция мен Норвегияда бұл мерзім шамамен бір аптаны құрайды. Ал Германия тұрғындарға 10 күнге жететін қор дайындауды ұсынуда. Сонымен қатар, елдің азаматтық қорғаныс қызметі тіпті үш күндік қордың өзі төтенше жағдайларға дайындықты арттыратынын атап өтеді. АҚШ-та да бірнеше күнге жететін азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды сақтау ұсынылған. Үндістанда болса, төтенше жағдайлар үшін арнайы жинақ дайындауға шақырған.

Бұл ұсыныстар тек әскери қақтығыстармен шектелмейді. Олар табиғи апаттар, электр энергиясының ұзақ уақытқа өшуі, сумен жабдықтаудағы үзілістер және маңызды инфрақұрылымға жасалатын кибершабуылдар сияқты қауіптерді де қамтиды. Мұндай жағдайларда дүкендердің жұмысы тоқтап, өнім жеткізуде үзілістер туындауы, төлем жүйелері мен ақпараттық қызметтерді пайдалану қиындауы мүмкін.

Еуропа Одағы да тұрғындарға төтенше жағдайларда алғашқы 72 сағат бойы дербес әрекет ете алу үшін қажетті қорларды дайындауды ұсынған. Ұлыбританияда да үй шаруашылықтарында қажетті өнімдер мен заттарды алдын ала сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Ұсынылған қорлар қатарына ауыз су, ұзақ уақыт сақталатын азық-түлік, қажетті дәрі-дәрмектер, фонарь, қосымша батареялар және радио кіреді. Электр энергиясы немесе мобильді байланыс үзілген жағдайда радио арқылы ресми ескертулер мен хабарламаларды алуға болады. Қор мөлшерін отбасы мүшелерінің санына, тамақтану қажеттіліктеріне және үнемі қабылданатын дәрі-дәрмектерге қарай белгілеу ұсынылады.

Германияның азаматтық қорғаныс қызметі қорларды бірден емес, біртіндеп толықтырып отыруға кеңес береді. Өйткені мұндай дайындық тек соғыс немесе кибершабуылдар кезінде ғана емес, сонымен қатар су тасқыны, дауыл, қатты аяз және электрмен жабдықтаудағы ұзақ үзілістер кезінде де пайдалы болуы мүмкін.

Сонымен қатар, бұл ұсыныстар соғыстың жақындағанын білдірмейді. Олар тұрғындардың әртүрлі төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға бағытталған.

Пікірлер 0

…

Байланысты жаңалықтар