date

Саяхатшылар таңдауы: әлемдегі ең сүйікті қалалар жарияланды

Саяхатшылар таңдауы: әлемдегі ең сүйікті қалалар жарияланды

Әлемнің ең беделді саяхат журналдарының бірі — Condé Nast Traveler биылғы жылы туристер арасында ең сүйікті қалалар рейтингін жариялады. Басылым мәліметінше, сауалнамаға 757 мыңнан астам адам қатысқан.

Бұл рейтинг жыл сайын жасалып, екі санатты қамтиды — ірі қалалар және шағын туристік бағыттар. Екі санат та көркемдік, инфрақұрылым және туристерге жасалған қолайлылық негізінде бағаланады.

Ірі қалалар арасында көшбасшы — Токио

Биылғы нәтижелер бойынша, мегаполистер санатында бірінші орынды Токио иеленді. Жапония астанасы ежелгі ғибадатханалар, заманауи зәулім ғимараттар және Мишлен жұлдызды мейрамханалардың үйлесімімен саяхатшыларды баурап алған. Сондай-ақ Токио әлемдегі ең танымал гастрономиялық бағыттардың бірі болып саналады.

Екінші орында Жапонияның көне астанасы — Киото тұр. Үшінші орынды Оңтүстік Африка Республикасының жағалауындағы Кейптаун қаласы алды. Ал үздік ондыққа Сингапур, Сеул, Париж, Ванкувер, Эдинбург, Монреаль және Камбоджаның Пномпень қалалары кірді.

Шағын қалалар арасында жеңімпаз — Канададағы Виктория

Шағын туристік қалалар тізімінде Канада батыс жағалауындағы Виктория бірінші орынды иеленді. Көп жағдайда Ванкуверге келген саяхатшылар бір күнін Викторияда өткізіп, табиғат аясында демалады, спа-қонақүйлерде тынығады немесе Сварц-Бей шығанағында пароммен серуендейді.

Екінші орынды Тынық мұхиты жағалауындағы Мексиканың Пуэрто-Вальярта қаласы иеленді. Үшінші орында — өнер мен тарихтың отаны Италиядағы Флоренция.

Сонымен қатар Швейцарияның Люцерні, Мексиканың Сан-Мигель-де-Альенде, Испанияның Сан-Себастьян мен Пальма-де-Майорка, Ирландияның Голуэй, Мальтаның Валлеттасы және Австралияның Хобарт қалалары саяхатшылардың ең сүйікті бағыттарының қатарынан орын алды.

Сарапшылардың айтуынша, биылғы рейтинг саяхатшылардың бүкіл әлем бойынша дәстүр, тыныштық және заманауилық үйлесімін іздейтінін көрсетеді. Токио мен Виктория дәл осы үйлесімнің ең жарқын бейнесіне айналды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Саяхатшылар таңдауы: әлемдегі ең сүйікті қалалар жарияланды