
Бұрынғы "Реал" клубының бас бапкері Зинедин Зидан Франция құрамасын басқаруға дайын екенін мәлімдеді. 53 жастағы маман 2021 жылдан бері жұмыс істемесе де, оның "Реалдағы" екі кезеңі (2016–2018 және 2019–2021 жылдары) сәтті өтті.
Қазіргі таңда футбол әлемінде Зиданның ұлттық құраманы жаңа биіктерге шығаруы мүмкін деген пікірлер айтылып жүр. Зидан мен Франция құрамасы арасындағы байланыс жайында ұзақ жылдан бері сөз қозғалып келеді.
Алайда дәл қазір Зиданның бұл қызметке тағайындалу ықтималдығы жоғары көрінеді. Дидье Дешам 2012 жылдан бері Францияның бас бапкері қызметін атқарып келеді және жақын арада қызметінен кетеді деп күтілуде.
Зидан футболшылар арасында беделді маман саналады. Бүгінде Франция құрамасы жұлдыз ойыншыларға толы және олар Зиданға құрметпен қарайды.
Зиданның қатарынан үш рет Чемпиондар Лигасын жеңіп алуы да оның бапкерлік шеберлігін дәлелдейді. Әсіресе, ол команданы маңызды ойындарға жақсы дайындай біледі, бұл оны мықты психолог ретінде танытады.
Соған қарамастан, Зиданның "Реалдан" тыс жұмыс тәжірибесінің болмауы оның кандидатурасына қатысты сұрақ тудырады. Ол басқа клубтарда немесе ұлттық құрамада бапкерлік етпеген, сондай-ақ "Реалға" келгенде дайын ұжымды басқарған.
Зиданды жиі тактикалық шеберлігі жеткіліксіз деп сынайды, себебі ол көбіне ойыншылардың жеке шеберлігіне сенім артқан. Мұны дәлелдеу немесе жоққа шығару үшін Зиданның басқа командаларда жұмыс жасауын бақылау қажет еді.
Бұдан бөлек, Зидан алдында тұрған басты қиындықтардың бірі Дешам орнатқан жоғары нәтижелер болмақ. Дешам басшылығында Франция үш рет ірі турнирлердің финалына жетіп, әлем чемпионы атанды және Ұлттар Лигасының жеңімпазы болды.
Зидан осы нәтижелерге жақындай ала ма — бұл үлкен сұрақ. Қазір Франция құрамасы ірі турнирлерде кем дегенде жартылай финалға өтпесе, бұл сәтсіздік деп бағаланады.
Егер Франция құрамасына жұлдыз ойыншылармен жұмыс істей алатын және ойынға кедергі келтірмей басқара білетін бапкер керек болса, Зидан мінсіз кандидат. Бірақ егер Франция футбол федерациясы команданы түбегейлі қайта құруды және болашақта жоғары сапалы ойын көрсетуді мақсат етсе, Зиданның кандидатурасы айтарлықтай даулы болып қала береді.
Зиданда Франция бас бапкері болуға дайын
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз