Неймар 2026 жылғы әлем чемпионатының ресми стикерлер альбомынан алынып тасталды

Бразилиялық жұлдыз Неймар 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындалған «Panini» жапсырмалар альбомына енгізілмеді. 34 жастағы шабуылшы соңғы төрт турнир барысында алғаш рет әлемнің ең мықты футболшылары тізімінен орын алмады.
Бұл туралы Goal.com хабар береді.
«Panini» компаниясының Бразилиядағы басшысы Раул Валлеси́лло бұл шешімді арнайы статистикалық тәсілмен түсіндірді. Италиядағы мамандар футболшылардың соңғы ойындардағы қатысуы мен жарақаттарын ескере отырып, олардың қорытынды құрамға ену ықтималдығын есептеп шыққан.

Неймардың альбомнан түсіп қалуына оның 2023 жылғы қазан айынан бері ұлттық құрамада ойнамағаны себеп болды. Уругвайға қарсы кездесуде алған ауыр жарақатынан кейін, футболшы өзінің бұрынғы спорттық бабын қалпына келтіре алмады.
Бразилия ұлттық құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти қорытынды құрамды 18 мамыр күні жариялайды. Бапкер футболшылардың дене дайындығына өте қатаң талап қойған, бұл Неймардың турнирге баруын күмән астында қалдырып отыр.

1994 жылғы әлем чемпионы Раи да Неймардың қазіргі жағдайына алаңдайтынын айтты. Оның айтуынша, шабуылшы өзінің жылдамдығын жоғалтқан және халықаралық деңгейдегі ойындарға қажет дене дайындығына ие емес.
Альбомның Бразилия бөлімінде Алиссон, Маркиньос, Винисиус, Родриго және жас талант Эстевао сияқты 18 футболшыға орын бөлінген. Жинақ 30 сәуірден бастап сатылымға шығуы күтілуде.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!