date

Шавкат Мирзиёев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде жеті бастаманы ұсынды

Шавкат Мирзиёев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде жеті бастаманы ұсынды

Президент Шавкат Мирзиёев 7 қазан күні Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің Габала қаласында өткен кезекті жиналысына қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес, ұйым аясындағы көпқырлы ынтымақтастықтың бүгінгі жағдайы мен келешегі жөнінде пікір алмасылды, іс жүзіндегі серіктестіктің өзекті мәселелері талқыланды.

Өзбекистан басшысы саммитте жаһандық басқару жүйесін терең реформалау мен жетілдіру, БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесінің рөлін арттыру, сондай-ақ халықаралық істерде дамушы елдердің дауысын күшейту қажеттігін атап өтті.

Еуразия құрлығында барған сайын ушығып жатқан, шешімі көрінбейтін қақтығыс пен соғыстардың Ұйым елдеріне теріс әсер етіп жатқаны айтылды. Газа секторындағы қайғылы оқиға, Украина төңірегіндегі жағдай, Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі, Ауғанстандағы тұрақтылық мәселелері елеулі алаңдаушылық тудыруда.

Өзбекистан басшысы әлемнің қуатты елдерінің әділетті әлемдік тәртіпті қалыптастыру, өзара сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұмтылыстары мен жаңа жоспарларын құптады.

Жаһандық жағдайды терең талдау және қажетті шешімдер қабылдау мақсатында ТМҰ елдері сыртқы саяси органдары мен арнайы қызмет басшыларының бірлескен кездесулерін өткізу және мұндай форматтағы алғашқы жиналысты келесі жылы Самарқан қаласында ұйымдастыру ұсынылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінің негізгі бөлігінде практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің нақты мәселелеріне тоқталды.

Көпқырлы серіктестікті кеңейту және жеделдету мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы және оны жүзеге асыру бойынша арнайы "жол картасын" әзірлеу ұсынылды. Аталған құжаттарда төмендегі нақты бағыттар мен шараларды қамту қажеттігі атап өтілді.

Біріншіден, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету. Өзбекистан Президенті жақын болашақта ТМҰ аясында сауда, бизнес және өзара инвестициялар үшін ең қолайлы жағдайларды, құқықтық негіз бен инфрақұрылым құруды қарастыратын Жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастыру маңызды екенін тағы да ерекше атап өтті.

Практикалық ынтымақтастықты жүйелі дамыту және нақты жобаларды әзірлеу, әсіресе, Түркі инвестициялық қоры аясындағы жоспарларды келісу мақсатында Түркі елдерінің экономикалық серіктестік бойынша тұрақты кеңесін құру маңыздылығы айтылды. Тұрақты негізде жұмыс жасайтын осы құрылымға Ұйым елдерінің Премьер-министр орынбасарлары басшылық етуі мүмкін. Кеңестің Жоба кеңсесін Ташкент қаласында орналастыру ұсынылды.

Өзбекистан басшысы атап өткендей, төмендегі мәселелер Кеңестің тұрақты назарында болуы тиіс:

- Түркі мемлекеттері Өнеркәсіп альянсын құрып, сол арқылы машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, электротехника, мұнай-химия, фармацевтика, жеңіл, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру салаларында жетекші компаниялардың кооперация жобаларын ілгерілетуге жәрдемдесу;

- өзара сауда көлемін арттыру және техникалық регламенттерді жақындату мақсатында "Түркі жасыл дәліздері" электрондық жүйесін енгізу;

- "жасыл" энергетика, "жасыл" сутегі мен аммиак бойынша жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, алдыңғы қатарлы технологиялар, стандарттар және құзыреттерді тарту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдерін кең қолдану үшін "Жасыл трансформация" консорциумын құру;

- стратегиялық минералдар шикізат базасын дамыту арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру.

Сонымен бірге, "шикізат — қайта өңдеу — ғылым мен технологиялар — дайын өнім" қағидасы негізінде практикалық ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау маңыздылығы қозғалды.

Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қолда бар әлеуетті ескере отырып, ТМҰ елдері органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен жеткізу бойынша әлемдік көшбасшыларға айнала алады.

Сапалы және жоғары сұранысты органикалық өнімдер өндіру үшін ғылыми-зерттеу және селекция, өндірістік кооперация мен логистикалық байланыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

Үшіншіден, көлік саласында өзара байланысты күшейту және халықаралық транзит дәліздерін дамыту бойынша үйлестірілген саясатты жүзеге асыру.

Мирзиёев Орта дәлізді жүйелі түрде дамыту жөніндегі жоспарларды қолдай отырып, осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және іскерлік орта үшін ең қолайлы жағдайлар жасау маңызды екенін атап өтті.

Осы тұрғыда тиімді транзиттік тарифтер қолданып, заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту және цифрлық кедендік рәсімдерді енгізу ерекше маңызды мәнге ие.

Орта дәліз салынып жатқан Қытай — Кыргызстан — Өзбекстан теміржолы және келешегі зор ТрансАуған коридоры арқылы қосылса, ауқымды өңірде көп тармақты, стратегиялық магистралдық жолдар жүйесі құрылады.

Көлік саласындағы бұл бастамалардың барлығы 12 қарашада Ташкент қаласында өтетін Мультимодалдық тасымалдар бойынша халықаралық форум аясында жан-жақты талқыланады деп жоспарланған.

Төртіншіден, ауқымды өнеркәсіп және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін тиімді қаржылық тетіктерді енгізу.

Өзбекистан Президенті Түркі инвестиция қорының қызметін кеңейту, ХДБ, ЕҚДБ және басқа халықаралық және ұлттық қаржы институттарымен Стратегиялық серіктестік бағдарламасын қабылдау бастамасын ұсынды.

Бесіншіден, тұрақты дамудың маңызды драйверлеріне айналатын жасанды интеллект, цифрландыру және креативті экономиканы дамыту.

Аталған бағыттардағы күш-жігерді біріктіру мақсатында жасанды интеллект және креативті экономика салаларындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша "жол картасын" қабылдау ұсынылды.

Мемлекет басшысы Өзбекстанда Түркі әлемі халықаралық көрмесін өткізу бастамасын көтерді.

Алтыншыдан, "Надандыққа қарсы – ағарту" қағидасы негізінде ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру.

2025–2026 жылдары еліміз құрамына 100-ден аса оқу орны кіретін Түркі университеттер одағына төрағалық етеді деп атап өтілді. Келесі аптада Ташкентте одақтың Бас ассамблеясы өтеді. Өзбекстан төрағалығы кезеңінде "Түркі ғылым және инновациялар күндерін" өткізу жоспарлануда.

Өзбекистан Президенті ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту, дарынды ғалымдардың зерттеулерін ынталандыру мақсатында елімізде Түркі мемлекеттері халықаралық университеті өз жұмысын бастағанын жариялады. Мемлекет басшысы оның базасында Бірлескен зерттеулерді қолдау бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Жетіншіден, жастар арасында жат және бүлдіргіш идеялардың таралуының алдын алу.

Осыған байланысты Түркі мемлекеттері аймағында экстремистік және радикалды идеологияға қарсы күрес бойынша Іс-әрекеттер жоспарын қабылдау ұсынылды.

Өзбекистан сондай-ақ исламофобияның барлық көріністеріне қарсы күреске арналған тығыз диалогты жалғастырады.

Бұдан бөлек, Ұйым аясында жастар арасында экологиялық білім беру бойынша бірлескен шараларды әзірлеу маңызды екені атап өтілді.

Өзбекистан басшысы “Низами Гәнжауи мен Әлішер Науаи шығармашылығы – Түркі әлемі рухани өмірінде” тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткізуді ұсынды.

Саммит қорытындысында Ұйымға мүше елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған бірлескен шешімдер мен құжаттар топтамасы қабылданды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Өзбекстан » Шавкат Мирзиёев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде жеті бастаманы ұсынды