date

Андрей Ермак 460 миллион гривнаны жылыстатты деген айыппен тергеуге алынды

Украинаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі органдары — Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро (NABU) мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мамандандырылған прокуратура (SAP) елдің саяси аренасындағы ең ықпалды тұлғалардың біріне қатысты ауыр айыптар тақты. Президент кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермак заңсыз жолмен алынған қомақты қаржыны жылыстатты деп күдіктелуде.

9 миллион еуролық құрылыс дауы

Тергеу нұсқасы бойынша, Киев облысындағы элиталық құрылыс жобаларының бірі арқылы шамамен 460 миллион гривна (шамамен 8,9 миллион еуро) көлеміндегі қаражатты «жылыстату» туралы сөз болып отыр. Ермак бұл қылмыстық схемаларды жүзеге асыруда арнайы құрылған ұйымдасқан топтың құрамында әрекет еткен болуы мүмкін.

Бұл жасырын желі Украинаның құқық қорғау органдары жүргізген «Мидас» атты ауқымды операция барысында әшкереленді.

«Тек бір көлік пен пәтер...»

«Украинская правда» басылымының хабарлауынша, бұрынғы шенеунік өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ол өз мүлкі туралы айта келе, есепшотында артық ақша жоғын, тек бір көлік пен бір пәтерге иелік ететінін алға тартып, ақталуға тырысуда.

Орнынан түсу және жемқорлық тізбегі

Естеріңізге сала кетейік, Украина президенті Владимир Зеленский 2025 жылғы 28 қараша күні Ермакты қызметінен босатқан болатын. Оған дейін саясаткер «Энергоатом» мемлекеттік компаниясы төңірегіндегі шулы жемқорлық даулары мен үйінде жүргізілген тінтулерден кейін отставкаға кету туралы арыз жазған еді.

Саяси ықпал және күтілетін нәтиже

Андрей Ермак 2020 жылдың ақпанынан бері мемлекет басшысы әкімшілігін басқарып келген. Ол Зеленскийдің ең жақын серіктесі ғана емес, Украинадағы шешім қабылдау жүйесінде президенттен кейінгі ең қуатты тұлға саналатын.

Президент кеңесшісі Дмитрий Литвиннің айтуынша, бұл қылмыстық күдіктің жариялануы күтпеген жағдай емес.

«Бұл тақырыптағы пікірталастар мен болжамдар бұқаралық ақпарат құралдарында көптен бері айтылып жүрген еді», — дейді ол сұхбатында.

Қазіргі уақытта Украинаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдары тергеу амалдарын жалғастыруда. Егер Ермактың кінәсі дәлелденсе, бұл ел тарихындағы ең ірі жемқорлық процестерінің біріне айналуы мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Андрей Ермак 460 миллион гривнаны жылыстатты деген айыппен тергеуге алынды