Өзбекстанда ислам банк жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі

25 март күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ислам қаржы қызметтерін енгізу бойынша тұсаукесермен танысты. Тұсаукесерде елімізде төмендегідей ислам қаржы тетіктерін енгізу жоспарланып отырғаны айтылды: тауарды несиеге сату арқылы клиенттерді қаржыландыру - мурабаха; табыс немесе пайданы бөлу шартымен қаражат тарту - мудараба; өкілдік келісімшарты арқылы қаражат беру немесе тарту - вакала; алдын ала төлем негізінде қаржыландыру - салам және истисна; бірлескен қызмет арқылы қаржыландыру - мушарака; мүлікті исламдық жалға беру және заңға қайшы келмейтін басқа да ислам қаржы құралдары.
Сондай-ақ сатылған тауарлардың үстемесіне қосылған құн салығы есептелмейді, инвестициялық салымнан алынған табыс салықтан босатылады және исламдық жалдау шарттары қаржылық жалдау мен лизингке теңестіріледі.
Салада жүйелі басқаруды қамтамасыз ету үшін Орталық банк жанынан Ислам қаржы кеңесі құрылады. Сондай-ақ исламдық қаржы қызметтерін көрсететін банктерде жеке кеңестер құрылады. Олар стандарттарды әзірлеумен, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын дайындаумен, даулы мәселелерге түсініктеме берумен, келісімшарттар мен ішкі құжаттарды қараумен және сәйкестік бақылауын қамтамасыз етумен айналысады.
Биыл кемінде бір коммерциялық банкте исламдық "терезе" қызметін жолға қою жоспарланған, ал 2026-2030 жылдары толық исламдық банкинг қызметін жүзеге асыратын екі банк құрылады. Бұл реформа арқылы 2026-2030 жылдары қосымша 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция мен депозит тартуға мүмкіндік туады.
Естеріңізге сала кетейік, ислам банктерінің қызметін енгізу туралы заң осы жылдың 5 февралінде Сенатта мақұлданған болатын.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!