Өзбекстанда некесіне бір жыл толмаған отбасылар үшін ажырасуға шектеу қойылуы мүмкін

Өзбекстанда некесінен бір жыл толмаған отбасылар үшін ажырасуды шектеу туралы заң жобасы талқылауға шығарылды. Отбасы және әйелдер комитеті осы құжатты қоғамға таныстырды.
Жобаға сәйкес, некеден бір жыл өтпеген ерлі-зайыптылар ажырасу үшін сотқа жүгіне алмайды. Дегенмен бұл шектеу отбасындағы тұрмыстық зорлық жағдайларына қолданылмайды. Мақсат – отбасын сақтау және ажырасулардың алдын алу.
Заң жобасында Азаматтық процесстік кодекстің 122-бабын 8¹-тармақпен толықтыру ұсынылған. Бұл тармақ өтінішті қарамай қалдыру себептерін белгілейді. Мысалы, әйелі жүкті болса немесе бала туғаннан кейін бір жыл ішінде күйеуі рұқсатсыз некені бұзу туралы арыз бере алмайды.
Сонымен қатар, ажырасудан бұрын татуласу мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту, соттар арқылы отбасылық дауларды тереңірек зерттеу механизмі енгізу қарастырылған. Ажырасқаннан кейін кәмелетке толмаған балалардың қай ата-анамен тұратыны және екінші ата-анамен қарым-қатынас тәртібі анықталады.
Жобада алимент жүйесін жетілдіру де қарастырылған: мөлшері минималды тұтыну шығындарынан аз болмауы керек, ал өндірілген қаражат балалардың атына ашылған банк есепшотында жиналады. Кейбір процестерді “электрондық үкімет” арқылы жүзеге асыру да жоспарланған.
Ақпарат үшін, 2025 жылы Өзбекстанда сот арқылы 37,5 мыңнан астам отбасы ажырасыпты. Ең көп ажырасу Ташкент, Ферғана, Андижан және Самарқанд қалаларында тіркелген. Ажырасудың негізгі себептері – өзара сенімсіздік, некеге дайын болмау және екінші некеге кіру болып көрсетілген.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!