date

Аляскадағы саммитте келіссөздер күйреді: Путин Трампты тарихпен “шаршатты”

Аляскадағы саммитте келіссөздер күйреді: Путин Трампты тарихпен “шаршатты”

Financial Times басылымының жазуынша, тамыз айында Аляскада өткен Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі күткен нәтижені бермеді. Дереккөздердің айтуынша, АҚШ президенті Украина жөніндегі келісім туралы талқылаудың орнына Ресей басшысының ортағасырлық князьдер туралы ұзақ тарихи дәрісін тыңдауға мәжбүр болған.

Мәліметтерге қарағанда, Путин Трамп ұсынған “от ашуды тоқтату есесіне санкцияларды жеңілдету” нұсқасынан бас тартқан. Оның талаптары анағұрлым қатаң болған — Украина толықтай берілуі және Донбасс аймағындағы әлі басып алынбаған аумақтар Ресейге берілуі тиіс еді.

Жабық есік жағдайындағы сұхбат барысында Путин Трампқа нағыз “тарихи экскурсия” өткізген — Рюрик, Ярослав Дана және XVII ғасырдағы казак гетманы Богдан Хмельницкий туралы айтып, Ресей мен Украинаны “бір халық” деп санау идеясын негіздеген. FT дереккөздерінің айтуынша, Трамп бұған қатты таңғалған, бірнеше рет дауысын көтеріп, тіпті кездесуді тастап кетемін деп қорқытқан.

Нәтижесінде келіссөздер мерзімінен бұрын аяқталған, сондай-ақ екі делегация қатысуы тиіс болған экономикалық түскі ас та тоқтатылған. Трамп Қырым аннексиясын мойындауды және украин әскерлерін Донбастың кейбір позицияларынан шығарып алуды ұсынған, бірақ Путин бұған келіспей, бүкіл аймақты талап еткен.

Саммит сәтсіз аяқталған соң екі лидер арасындағы қатынастар күрт нашарлаған. Путиннің әрекетіне ренжіген Трамп Еуропадағы одақтастарына Украина үшін АҚШ қоры есебінен қару сатып алуға рұқсат берді және Киевке Мәскеуге дейін жететін Tomahawk қанатты зымырандарын жеткізу мәселесін талқылай бастаған. Сонымен қатар, Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырып жатқан Үндістанға АҚШ қосымша 25 пайыздық баж енгізді.

Сонымен бірге FT атап өткендей, Путин көпшілік алдында Трампқа жылы қабақ танытуды жалғастырып келеді. Ол консервативті белсенді Чарли Кирктің өлтірілуіне байланысты көңіл айтып, Трампты “бейбітшілік үшін Нобель сыйлығына лайық” деп атаған.

Politico басылымының мәліметінше, саммиттің бұқаралық ақпарат құралдарында “Путиннің жеңісі” ретінде көрсетілуі Трампты қатты ашуландырған. Ал Ақ үй FT-ге берген ресми түсініктемесінде Аляскадағы келіссөздерді “нәтижелі” деп атап, “сәтсіз өтті” деген пікірді жоққа шығарды.

Әкімшілік өкілі былай деді: “Вашингтон Ресейдің ұстанымын жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретін кез келген диалогты пайдалы деп санайды.”

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Аляскадағы саммитте келіссөздер күйреді: Путин Трампты тарихпен “шаршатты”