date

Путин демография мен отбасы мәселелеріне ерекше тоқталды

Путин демография мен отбасы мәселелеріне ерекше тоқталды

19 желтоқсанда Мәскеу қаласында Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен жыл қорытындысына арналған тікелей байланыс пен үлкен баспасөз мәслихаты өтті. Шамамен 4,5 сағатқа созылған кездесу барысында мемлекет басшысы азаматтар мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, қоғамды алаңдатқан маңызды тақырыптарды қозғады. Солардың ішінде демография мен отбасылық құндылықтар ерекше назарға алынды.

Президент халық санының азаюы дерлік барлық постиндустриялық елдер үшін ортақ проблемаға айналғанын атап өтті. Осындай жағдай ірі экономикасы бар мемлекеттерде де байқалуда. Кейбір елдерде ахуал тіпті аса қауіпті деңгейге жеткен. Мәселен, Жапонияда туу коэффициенті шамамен 0,8 болса, Оңтүстік Кореяда ол 0,7-ні құрайды. Ресейде де бұл көрсеткіш төмендеп, қазір шамамен 1,4 деңгейінде тұр. Путиннің айтуынша, ел кемінде 2 көрсеткішіне жетуі тиіс, алайда бұл өте қиын міндет.

Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайдың себептеріне де тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі қоғамда көптеген әйелдер алдымен білім алуға, кейін біліктілігін арттыруға және мансабында алғашқы қадамдарын жасауға ұмтылады. Соның салдарынан алғашқы бала көбіне 30 жастан кейін дүниеге келеді. Бұл уақытта әйелдер физикалық әрі рухани тұрғыдан шаршаған болады. Президент бала туу, аналық пен әкелік бақыт қоғамда құндылыққа, тіпті белгілі бір «үрдіске» айналуы керек екенін атап өтті, сонда адамдар шынайы бақыттың мәнін түсіне алады.

Баспасөз мәслихаты барысында Путин 15 жастағы махаббат пен ерте некеге қатысты да пікір білдірді. Ол Кавказ халықтарының дәстүрлерін мысалға келтіріп, онда жастардың ертерек отбасын құруы қалыпты құбылыс екенін және бұл дұрыс үлгі екенін айтты. Сондай-ақ Рамзан Қадыровтың үлкен әрі көпбалалы отбасын атап өтіп, олардың мәдениетінде ерте некенің кең тарағанын жеткізді.

Сонымен қатар Путин жас отбасылар көптеген қиындықтарға тап болатынын мойындады. Дегенмен ол отбасы құру және бала сүю сияқты өмірдің іргелі мәселелерін ұзаққа созбай шешкен жөн екенін баса айтты. Президенттің пікірінше, дәл осы қадамдар қоғамның тұрақты болашағы мен демографиялық тепе-теңдігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Путин демография мен отбасы мәселелеріне ерекше тоқталды