date

Бейбітшілік кеңесі төңірегінде геосаяси мүдделер қақтығысты

Бейбітшілік кеңесі төңірегінде геосаяси мүдделер қақтығысты

АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен ұсынылған Бейбітшілік кеңесіне осы уақытқа дейін 19 мемлекет ресми түрде қосылды. Бір қызығы, олардың 12-сінде халықтың негізгі бөлігін мұсылмандар құрайды. Саясаттанушы Камолиддин Раббимовтың айтуынша, бұл жағдай кездейсоқ емес: аталған елдер кеңесті Таяу Шығыста 80 жылға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқан қарама-қайшылықтың шешімі ретінде көріп отыр.

Сарапшының пікірінше, мұсылман мемлекеттері бұл формат арқылы Израильдің Палестина мен басқа да аумақтардағы әрекеттерін шектеуді, өз ұстанымын АҚШ басшылығына тікелей жеткізуді және кеңес ішінде ықпал етуді мақсат еткен. Яғни, мәселе жаңа құрылымға жай ғана қосылу емес, оны саяси құрал ретінде пайдалануда.

Қазіргі уақытта Швейцарияның Давос қаласында кезекті Дүниежүзілік экономикалық форум өтіп жатыр. Бұл жолы форумның басты интригасы Трамптың қатысуы мен оның сөзі болды. Өйткені ол өз сөзінде Гренландия, Ресей-Украина соғысы, Таяу Шығыстағы шиеленіс сияқты жаһандық мәселелерге тоқталады деп күтілген еді. Алайда Давостағы ең үлкен тосынсый форумнан кейін болды - Трамп "Бейбітшілік кеңесі" Жарғысына қол қою рәсімін бастады.

Бір қызығы, бұл рәсім алдын ала көпшілікке жарияланбаған. Шақырылған мемлекеттер де бұл туралы бірнеше күн бұрын хабарланғаны айтылады. Бастапқыда "Бейбітшілік кеңесі" 2025 жылы Газа секторында бейбітшілік орнату және аумақты қалпына келтіруге бағытталған уақытша жоба ретінде ұсынылған, тіпті БҰҰ да оны осы форматта қолдаған болатын.

Бірақ кейінгі айларда жағдай өзгерді. БАҚ-қа тарап кеткен мәліметтерге қарағанда, Трамп әзірлеген жаңа Ереже бұл кеңесті тек Газа немесе Таяу Шығыспен шектемейді. Керісінше, ол бүкіл әлем бойынша мерзімсіз қызмет етуді көздейді. Кейбір сарапшылар бұдан "де-факто БҰҰ-ға балама жасау" әрекетін де көріп отыр.

Ережеде Бейбітшілік Кеңесі әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, заңды басқаруды қалпына келтіру, қақтығысты аймақтарда ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуды мақсат ететіні айтылған. Кеңестің тұрақты төрағасы ретінде Трамптың өзі тағайындалған. Оның президенттік өкілеттігі аяқталғаннан кейін де осы лауазымда қалу ниеті айтылуда.

Белгілі болғандай, Кеңестің атқарушы органында әзірге төрт адам бар: АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф, Джаред Кушнер және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэйр. Ережеге сәйкес, Кеңес кем дегенде үш мемлекеттің мақұлдауымен ресми түрде құрылған болып саналады, ал Трамп 49 мемлекетке ұсыныс жіберген. Давостағы рәсімге 19 мемлекеттің басшылары немесе жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

Бұл 19 мемлекеттің құрамы да қызықты көріністі көрсетеді. Посткеңестік аумақтан Әзербайжан, Армения, Өзбекстан және Қазақстан қатысты. Еуропадан Венгрия, Болгария және Косово, Латын Америкасынан Аргентина және Парагвай бар. Ең үлкен топ мұсылман мемлекеттері болды: Өзбекстан, Қазақстан, Әзірбайжанмен қатар Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, БАӘ, Бахрейн, Иордания, Пәкістан, Индонезия және Мағриб.

Сондықтан болар, "Ғазада бейбітшілік" ұранымен құрылған бұл кеңестің қол қою рәсіміне Израиль өкілдері қатыспады. Израильдік БАҚ Трамптың бұл бастамасын, әсіресе Түркия мен Катарды шақырғанын ашық сынап жатыр.

Әрине, Бейбітшілік Кеңесі қаншалықты тиімді болады, ұзақ өмір сүре ала ма - бұл әлі ашық сұрақ. Мүмкін, ол Трамптың жеке саяси мүдделерімен байланысты жоба ретінде қысқа өмір сүреді. Бірақ оған қосылған мемлекеттер бірдей мотивпен әрекет етеді деп айтуға болмайды.

Мысалы, мұсылман елдері бұл платформаны Израильге ықпал ету және Палестина мәселесін күшейту құралы ретінде қарастырады. Өзбекстан, Қазақстан және Әзербайжан сияқты мемлекеттер өздерінің көпвекторлы, теңдестірілген сыртқы саясатын сақтауды басымдық деп санайды. Олар Ресейге қарсы шықпайды, Қытаймен қарым-қатынасты бәсеңдетпейді - керісінше, барлық тараптармен оң қарым-қатынасты сақтауға тырысады.

Әлемде белгісіздік күшейіп, турбуленттілік белең алған тұста мемлекеттер жаңа тепе-теңдік нүктелерін іздестіруде. Өзбекстан да өз мүдделері мен көзқарастарын ілгерілету үшін Трамптың Бейбітшілік кеңесін тағы бір алаң ретінде қарастырады. Негізгі мақсат - Таяу Шығыста жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жанжалға ықпал ету және өз сөзін айту.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Бейбітшілік кеңесі төңірегінде геосаяси мүдделер қақтығысты