date

Тірек қабырғаларды бұзу қаупі күрт артты

Өзбекстанда көп қабатты үйлерде тірек қабырғалар мен конструкцияларды өз бетінше бұзу жағдайлары айтарлықтай көбейді. 2025 жылы мұндай заңбұзушылықтар бойынша 2,4 мыңнан астам дерек анықталды. Салыстырмалы түрде айтсақ, үш жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 563-ті құраған еді.

Бұл сандар жай ғана статистика емес. Мәселе адамдар тұратын көп қабатты үйлер, отбасылардың қауіпсіздігі және бүкіл ғимараттың беріктігі туралы болып отыр. Өйткені тірек қабырғаны бұзу — жай ғана жөндеу немесе қайта жоспарлау емес, бүкіл үйдің конструкциясына қауіп төндіретін өте жауапсыз әрекет.

Президентке ұсынылған мәліметтерге сәйкес, кейбір азаматтар пәтерді кеңейту, коммерциялық нысанға айналдыру немесе ішкі жоспарды өзгерту мақсатында тірек бөліктерге қол сұғуда. Алайда мұндай жұмыстарды маманның қорытындысынсыз жүргізу ғимараттың жер сілкінісіне төзімділігіне, беріктігіне және жалпы қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді.

Әсіресе, пайдалану мерзімі 50 жылдан асқан үйлер ерекше қауіп тобына жатады. Мәліметтерге қарағанда, елімізде мұндай көп қабатты үйлердің саны 15,2 мыңды құрайды. Бұл үйлердегі кез келген өз бетінше реконструкция, қабырға бұзу немесе санатты өзгерту одан да үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

Мәселенің тағы бір өзекті тұсы — бақылау тетіктерінің тиімсіздігі. Қолданыстағы тәртіптер ғимарат қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңбұзушылықтарды толық тоқтата алмай отыр. Адамдар кейде «үй өзімдікі, қалағанымды істеймін» деген қате түсінікпен әрекет етеді. Бірақ көп қабатты үйдегі бір пәтердегі қателік бүкіл кіреберіс үшін қауіпке айналуы мүмкін.

Осыған байланысты тұрғын үй секторында бірқатар қатаң шаралар ұсынылуда. Атап айтқанда, 50 жылдан асқан үйлерде санатты өзгертуге, реконструкция жұмыстарын жүргізуге және қауіпті қайта жоспарлауға шектеу қою мәселесі қарастырылуда. Бұл, ең алдымен, ықтимал техногендік апаттардың алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар, Құрылыс инспекциясына тірек конструкцияларды өз бетінше бөлшектегендерге сол жерде айыппұл салу өкілеттігін беру ұсынылуда. Яғни, енді ұзақ қағазбастылықсыз, қауіпті жағдай анықталған бойда тиісті шара қолдану мүмкіндігі туындайды.

Бұл реформаның негізгі мақсаты — халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көп қабатты үйлерде тұратын азаматтардың өмірін қорғау және ғимараттың беріктігіне нұқсан келтіретін өзбасымшылдықтарды тоқтату.

Қысқасы, қабырға бұзу — жай ғана жөндеу емес. Әсіресе, ол тірек конструкция болса, бұл бүкіл үйдің тағдырына қатысты мәселе. Бір пәтерді «әдемілеу» үшін бүкіл ғимаратты қауіпке тігу өте қымбатқа түсуі мүмкін. Түтін шықпай тұрып отты өшіру керек.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Қоғам » Тірек қабырғаларды бұзу қаупі күрт артты