MrBeast Самарқандтағы оқиғадан кейін Өзбекстаннан кетіп қалды ма?

Әлеуметтік желілерде танымал америкалық блогер MrBeast Самарқандта жанкүйерлердің жиналуына байланысты қауіпсіздік мақсатында Өзбекстаннан кеткені туралы хабарламалар тарады. Тіпті CNN телеарнасының Instagram парақшасында да Самарқандтан түсірілген кадрлар жарияланып, блогер тобы сапарды тоқтатуы мүмкін екені айтылды. Алайда Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қоры бұл хабарламаларға ресми түсініктеме берді.
Қордың мәліметінше, Джимми Дональдсонның Өзбекстанға сапары басынан бастап Ташкент пен Самарқанд қалаларын қамтуы жоспарланған. Сапар бағдарламасы MrBeast тобымен алдын ала келісілген және бекітілген кесте негізінде ұйымдастырылған.
Ресми мәлімдемеде атап өтілгендей, сапар бағдарламасының ешбір тармағы тоқтатылмаған. Блогердің Өзбекстаннанкету күні де алдын ала белгіленген болатын. Сондай-ақ, түсірілім тобының басқа мүшелері жоспарға сәйкес елдің басқа аймақтарында түсірілім жұмыстарын жалғастыруда.
Қор Ташкент пен Самарқанд тұрғындарына және қонақтарына MrBeast пен оның тобын жылы қарсы алғаны үшін алғыс білдірді. Сапарға қатысты қосымша ақпараттар ресми арналарда жарияланып отыратыны атап өтілді.
Естеріңізге сала кетейік, MrBeast 9 қазанда Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қорының бастамасымен ұйымдастырылған бұқаралық іс-шара аясында Ташкентке келген болатын.
Джимми Дональдсон YouTube-тегі ірі бюджетті видеоларымен, түрлі жарыстарымен және қомақты ақшалай сыйлықтарымен танымал. Оның арналарына жалпы саны 500 миллионнан астам пайдаланушы жазылған. Блогер қайырымдылық жобаларына қатысуымен де белгілі.















Пікірлер 0
…