Жыландар неге аулаға келеді және оларды не тартады?

Бақшада жыланды көру көпшілікті алаңдатады. Алайда олардың аулаға кіруіне көбінесе қорек, су және жасырынуға қолайлы орындар себеп болады. Қалың өсімдіктер арасы, ескі заттар жиналған бұрыштар және кеміргіштер көп кездесетін аймақтар жыландар үшін қолайлы орта тудыруы мүмкін. Moneycontrol басылымы ауладағы кейбір әдеттердің жыландарды тартуы мүмкін екенін жазды.
Биік шөптерді уақытында шаппау. Ұзын шөптер мен қалың бұталар жыландарға көрінбей қозғалуға мүмкіндік береді. Мұндай жерлерде тышқандар мен кесірткелер де жасырынуы мүмкін. Газонды жүйелі түрде шабу және бұталарды сирету ауланы бақылауды жеңілдетеді.
Ескі заттар мен қоқыстарды жинап қою. Тасталған тақтайлар, кірпіштер, тастар және құрылыс материалдарының арасынан жыландар пана таба алады. Оларды реттеп сақтау немесе қажетсіздерін алып тастау ауладағы жасырынатын орындарды азайтады.
Жануарлар жемін ашық қалдыру. Ашық ыдыстағы тамақ пен жерге төгілген дән кеміргіштерді тартады. Ал кеміргіштерді аулайтын жыландар олар бар жерге келуі мүмкін. Жануарларды тамақтандырғаннан кейін тамақ қалдықтарын жинап алу және жемді мықтап жабылатын ыдыста сақтау ұсынылады.
Суды артық пайдалану және аулада ылғалды жерлерді қалдыру. Тұрақты ылғалдылық бақалар мен басқа да ұсақ жәндіктер үшін қолайлы жағдай жасауы мүмкін. Олар болса, кейбір жыландар үшін қорек көзі болып табылады. Ауланы қажетінен артық суармау, су ағатын жерлерді жөндеу және жиналып қалған суды жою пайдалы.
Жыланды көріп қалсаңыз, оны өзіңіз ұстамаңыз
Аулада жылан пайда болса, оған жақындау немесе оны өз бетіңізше ұстау қауіпті. Жыланның түрін қашықтықтан анықтау қиын болуы мүмкін. Сондықтан адамдар мен үй жануарларын одан алыстату, жыланды бұрышқа қыспау және қажет болса, маман көмегін шақыру керек.
Ауланы таза ұстау, кеміргіштерді тартатын қорек қалдықтарын жою және паналайтын орындарды азайту жыландармен кездесу қаупін төмендетуге көмектеседі.















Пікірлер 0
…