Coralogix ЖИ агенттерін бақылау үшін 200 млн доллар тартты

Израильде құрылған және штаб-пәтері Бостонда орналасқан Coralogix стартапы жаңа қаржыландыру кезеңінде 200 миллион доллар инвестиция тартты. Компания ЖИ агенттерінің көбеюі автономды бағдарламалық жүйелерді бақылау, ақауларды жою және басқару үшін жаңа буын құралдарына деген сұранысты арттыратынына сенімді. Бұл туралы Techcrunch.com хабар береді.
F сериясындағы бұл қаржыландыру Coralogix 115 миллион доллар тартқан E сериясынан небәрі 11 ай өткен соң жүзеге асты. Бұл инвесторлардың ЖИ инфрақұрылымы компанияларына деген қызығушылығының қаншалықты жылдам өсіп жатқанын көрсетеді. Жаңа кезеңнен кейін стартаптың жалпы құны 1,6 миллиард долларға жетті. Инвестициялық раундты Advent және Canada Pension Plan Investment Board (CPPIB) басқарды.
2014 жылы құрылған Coralogix компанияларға логтар, метрикалар және тректер сияқты операциялық деректерді талдау арқылы бағдарламалық жүйелердің жағдайын бақылауға көмектеседі. Қазіргі уақытта платформаны бүкіл әлем бойынша IBM, Tradeweb және JFrog қоса алғанда, 5000-нан астам клиент пайдаланады. Компания Datadog, New Relic және Splunk сияқты алпауыттармен бәсекелеседі.
Coralogix негізін қалаушысы және бас директоры Ариэль Ассарафтың айтуынша, корпоративтік клиенттердің жартысынан көбі қазір оқиғаларды тексеру үшін Olly атты ЖИ агентін немесе өздерінің ЖИ модельдерін пайдаланады. Инженерлер дәстүрлі панельдердің (dashboards) орнына ЖИ көмекшілері мен командалық жол (CLI) арқылы әрекеттесуге көшуде.
Компания өткен жылы табысын 60%-дан астамға арттырып, жылдық табысы 100 миллион доллардан асқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта Coralogix-те бүкіл әлем бойынша 600-ден астам қызметкер бар, ал жаңа қаражат ЖИ өнімдерін дамытуға, қауіпсіздік шешімдеріне және жаһандық кеңеюге жұмсалады.



















Пікірлер 0
…