Plex баға өсуі қарсаңында жаңа әлеуметтік функцияларды ұсынды

Plex платформасы қарапайым жеке медиа-серверден жарнамаға негізделген стриминг қызметі мен фильмдерді жалға алуға маманданған ірі хабқа айналды. Енді компания Reddit және Letterboxd сияқты әлеуметтік платформалармен бәсекелесуді мақсат етіп отыр. Сәрсенбі күні таныстырылған жаңа функциялар пайдаланушылардың өзара әрекеттесу тәсілін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Бұл туралы Techcrunch.com хабар береді.
Жаңа енгізілген Discussions бөлімі пайдаланушыларға фильмдер мен сериалдар туралы пікір қалдыруға және талқылауларға қатысуға мүмкіндік береді. Plex осы форум арқылы Reddit платформасының кино-қауымдастықтар арасындағы үстемдігіне шек қоюды жоспарлап отыр. Контентті бақылау үшін AI (жасанды интеллект) және адам араласуынан тұратын модерация жүйесі әзірленді.
Тағы бір маңызды жаңалық — Lists функциясы, оның көмегімен пайдаланушылар сүйікті фильмдерінің тізімін жасап, оларды басқалармен бөлісе алады және эмодзилер арқылы реакция білдіре алады. Жыл соңына дейін басқа платформалардағы тізімдерді импорттау мүмкіндігі де қосылады. Бұл Letterboxd және IMDb сияқты сервистермен тікелей бәсекені білдіреді.
Сонымен қатар, Plex пайдаланушының көру әдеттеріне негізделген Match Score функциясын да жариялады. Бұл жүйе пайдаланушыға белгілі бір фильмнің қаншалықты ұнауы мүмкін екенін пайызбен көрсетеді. Компания негізін қалаушылардың бірі Скотт Олеховски TechCrunch басылымына берген сұхбатында бұл функцияның шексіз іздеулердің орнына жеке ұсыныстарды жылдам ұсынатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта Lists функциясы барлық пайдаланушылар үшін қолжетімді, ал Discussions осы айдың соңына дейін іске қосылады. Бұл жаңартулар Plex платформасының өмір бойылық жазылым (lifetime pass) бағасының айтарлықтай өсуі күтіліп отырған кезеңде жүзеге асырылуда.



















Пікірлер 0
…