16 жыл бұрын тапсырыс берілген Nokia телефондары ақыры жетті

Ливиялық кәсіпкер 2010 жылы тапсырыс берген Nokia телефондарын шамамен 16 жылдан кейін қабылдап алды. Ескі үлгідегі телефондар партиясы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.
Ел астанасы Триполиде жұмыс істейтін телефон сатушысы бұл құрылғыларға Ливияда азаматтық соғыс басталғанға дейін тапсырыс берген. Алайда 2011 жылы басталған қақтығыс елдегі логистика мен кеден қызметтерінің жұмысын тоқтатып, сәлемдеменің уақытында жетуіне кедергі келтірді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода кәсіпкер қызыл пластик пакеттен ескі Nokia телефондарын шығарып, олардың телефон ба, әлде тарихи жәдігер ме деп әзілдеп сұрақ қояды. Сәлемдеменің ішінде 2000-жылдардың соңында танымал болған Communicator типті құрылғылар мен сырғымалы телефондар да болған. Бүгінгі таңда ескірген болып саналатын бұл модельдер өз заманында заманауи технологиялар қатарына жатқан.
Телефондар ұзақ жылдар бойы қоймалардың бірінде қалып қойған. Жақында олар табылып, нағыз иесіне жіберілді. Ең қызығы, жөнелтуші мен қабылдаушы Триполи қаласында, бір-бірінен небәрі бірнеше шақырым жерде орналасқанына қарамастан, тапсырысты жеткізу үшін шамамен 16 жыл қажет болды.

Оқиға әлеуметтік желілерде тез тарап, қолданушыларды таңғалдырды. Көпшілік соғыс пен саяси тұрақсыздықтың қарапайым өмірге, сауда-саттыққа және күнделікті қызметтерге қаншалықты теріс әсер ететінін атап өтті.
Муаммар Каддафи билігі құлағаннан кейін Ливияда саяси бөліну сақталды. Елдің батысында Триполидегі БҰҰ мойындаған Ұлттық бірлік үкіметі премьер-министр Абдулхамид Дбейбаның басшылығымен жұмыс істесе, шығыс аймақтарда генерал Халифа Хафтар қолдайтын басқару әкімшілігі бар.
Шамамен 16 жыл кешігіп келген Nokia телефондарына қатысты бұл оқиға соғыс пен тұрақсыздықтың тіпті бірнеше шақырымдық қашықтықтағы қарапайым тапсырыстың орындалуына да кедергі келтіре алатынын көрсетті.


















Пікірлер 0
…