Sui Foundation желідегі іркілістерге себеп болған қателерді жойды

Sui Network блокчейн желісінің артында тұрған коммерциялық емес ұйым — Sui Foundation соңғы үш ірі іркіліске себеп болған мәселелерді жою үшін «ауқымды жаңарту» жүзеге асырылғанын хабарлады. Осы техникалық ақаулардың салдарынан желі екі күн ішінде жалпы 15 сағаттан астам уақыт бойы жұмыс істемеді. Атап айтқанда, бейсенбіде алты сағаттық, ал жұмада сегіз сағат 43 минуттық екі бөлек іркіліс тіркелді. Бұл туралы Cointelegraph.com хабарлайды .
Sui Foundation жексенбі күнгі блогпостында мәлімдегендей, валидаторлар газ төлемдері мен кездейсоқтық күйіне (randomness-state) байланысты қателерді толығымен түзеді және желі қызметі қайта қалпына келтірілді. Ұйым іркілістер кезінде пайдаланушылардың қаражаты қауіп астында қалмағанын және жүйе іске қосылғанда ешқандай транзакцияның жойылмағанын атап өтті. Сондай-ақ, диагностика мен метрикаларды жинауда жасанды интеллект агенттері пайдаланылғаны айтылды.
DefiLlama деректеріне сәйкес, Sui блокчейні жалпы бұғатталған құн (TVL) бойынша 519 миллион USD көрсеткішімен әлемде 13-орында тұр. Соңғы мәселелер 1.72 бағдарламалық қамтамасыз ету нұсқасындағы «crash bugs» салдарынан туындаған. Бұл қате газ төлемдерін есептеу кезінде теріс баланс қалыптастырып, жүйенің істен шығуына әкелді. Қаңтар айында да желіде алты сағаттық іркіліс болған еді.
Осы техникалық мәселелер аясында Sui (SUI) токенінің бағасы төмендей бастады. CoinGecko деректері бойынша, бейсенбіде 99 цент шамасында болған актив құны дүйсенбіге қарай шамамен 11 пайызға арзандап, 88 центті құрады. Алайда, мамыр айының басында Nasdaq биржасында тіркелген компанияның ірі инвестициясынан кейін токен бағасы 1,41 USD-ге дейін көтерілген болатын.
















Пікірлер 0
…