Флорида штаты OpenAI және Сэм Альтманды сотқа берді

Флорида штатының Бас прокуратурасы OpenAI компаниясы мен оның басшысы Сэм Альтманды сотқа берді. Бұл ChatGPT чат-ботының зорлық-зомбылық оқиғаларына қатысы бар деген айыппен штат деңгейіндегі алғашқы ресми сот процесі. Талап арызда компания «жасанды интеллект жарысында» жеңіске жету және үлкен байлық жинау мақсатында қауіпсіздік шараларын елемеді деп айыпталуда. Бұл туралы Techcrunch.com хабарлайды .
Флорида Бас прокуроры Джеймс Утмайердің айтуынша, OpenAI және Сэм Альтман ішкі және сыртқы қауіпсіздік ескертулерін елемей, балалардың өмірін қауіпке тіккен. 83 беттік талап арызда ChatGPT салдарынан жаппай атыс оқиғалары болғаны, осал топ өкілдері өз-өзіне қол жұмсауға итермеленгені және кәмелетке толмағандарда бұл құралға тәуелділік пайда болғаны келтірілген.
Сәуір айында басталған қылмыстық тергеу аясында ChatGPT-тің былтыр Флорида штаты университеті (FSU) аумағында болған жаппай атысқа қалай қатысы бар екені зерттелуде. Мәліметтерге сәйкес, шабуылшы оқиға алдында чат-ботпен кеңескен. OpenAI өкілдері болса бұл трагедия үшін жауапкершілікті жоққа шығарып, ChatGPT қылмысқа себепкер емес екенін алға тартуда.
Бұл OpenAI үшін жалғыз құқықтық мәселе емес. Бұған дейін компания өз-өзіне қол жұмсау әдістері туралы ақпарат бергені үшін калифорниялық жасөспірімнің ата-анасы тарапынан сотқа берілген болатын. Сондай-ақ, жақында Илон Маск қозғаған сот ісі де аяқталды, онда кәсіпкер компанияны адамзатқа көмектесу миссиясынан бас тартып, коммерциялық ұйымға айналды деп айыптаған еді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!