date

Mach Industries қорғаныс стартапы бір жылда өз құнын 4 есеге арттырды

Mach Industries қорғаныс стартапы бір жылда өз құнын 4 есеге арттырды

22 жасар Итан Торнтон негізін қалаған Mach Industries қорғаныс технологиялары стартапы C сериялы инвестициялық раундта 300 миллион доллар тартты. Осы қаржыландыру кезеңінен кейін компанияның нарықтық құны 1,8 миллиард долларға жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен төрт есеге жуық көп — 2025 жылдың маусымында компания 470 миллион долларға бағаланған болатын. Бұл туралы Techcrunch.com хабарлайды.

Бұл инвестициялық раундты Infinite Capital және Ribbit Capital қорлары басқарды. Сондай-ақ жобаға Bedrock Capital, Sequoia Capital және Khosla Ventures сияқты ірі инвесторлар қатысты. Mach Industries негізін қалаушы Итан Торнтонның айтуынша, автономды қару жүйелерін өндіру үлкен капиталды талап етеді, сол себепті компания бастапқыда 200 миллион доллар тартуды жоспарлаған еді, бірақ инвесторлардың жоғары қызығушылығына байланысты бұл сома 300 миллион долларға дейін арттырылды.

2023 жылы құрылған Mach Industries қазіргі уақытта бес автономды құрылғымен жұмыс істеуде: Viper (тік ұшып-қону мүмкіндігі бар реактивті аппарат), Glide (биік қабатты планер), Stratos (әуе бақылау платформасы), Dart (дрондарға қарсы арзан ұстағыш құрал) және Pike (алыс қашықтыққа арналған оқ-дәрі ұшыру қондырғысы). Компания келесі жылы осы жүйелердің кем дегенде үшеуін өндіруді бастауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, стартап жақында АҚШ Қорғаныс министрлігімен (Пентагон) жаңа келісімшартқа қол қойды. Defense Innovation Unit (DIU) ұйымымен жасалған келісімге сәйкес, компания Әскери-теңіз күштері үшін ұшу-қону жолағына тәуелді емес ірі соққы беруші ұшақ әзірлейді. Бұл жоба болашақта коммерциялық мақсаттарда да қолданылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Mach Industries командасы 350-ден астам қызметкерден тұрады. Компанияның Калифорнияның Хантингтон-Бич қаласында 10 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан өндірістік зауыты, сондай-ақ басқа аймақтарда дизайн және жобалау орталықтары бар. Итан Торнтон 19 жасында MIT (Массачусетс технологиялық институты) оқуын тастап, осы стартаптың негізін қалаған еді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Технология » Mach Industries қорғаныс стартапы бір жылда өз құнын 4 есеге арттырды