Авторлық құқық дауларына қарамастан Suno 400 млн доллар тартты

Жасанды интеллект көмегімен музыка жасайтын Suno стартапы сәрсенбі күні 400 миллион долларлық D сериялы инвестициялық раундын аяқтағанын жариялады. Бұл қаржыландырудан кейін компанияның нарықтық құны 5,4 миллиард долларға жетті. Айта кетерлігі, небәрі жеті ай бұрын Suno 2,45 миллиард долларға бағаланған еді, бұл инвесторлардың сот процестеріне қарамастан компания болашағына деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл туралы Techcrunch.com хабар береді.
Компанияның заңды мәселелері өте күрделі. Suno өз жасанды интеллект модельдерін авторлық құқықпен қорғалған әндер негізінде оқытатынын мойындады. Стартап өкілдері мұны «әділ пайдалану» (fair use) доктринасына сәйкес деп санаса да, Universal Music Group (UMG), Sony және Германияның GEMA ұйымы компанияға қарсы сот істерін жалғастыруда. Warner Music Group (WMG) қараша айында Suno-мен лицензиялық келісімге қол қойып, мәмілеге келді.
Бастапқыда Sony және UMG компанияны 560 туындыны рұқсатсыз пайдаланды деп айыптаған еді. Алайда өткен айда дыбыс жазу лейблдері шағымдарын кеңейтіп, оқу процесіне тағы 61 000-нан астам әннің рұқсатсыз тартылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, Suno пайдаланушыларының саны өсуде және қосымша App Store музыка бөлімінде көшбасшы орындарды иеленіп тұр.
Billboard деректері бойынша, пайдаланушылар Suno платформасында күн сайын 7 миллионнан астам ән жасайды. Жаңа инвестициялық раундқа Bond Capital жетекшілік етті, сондай-ақ IVP, Forerunner, Union Square Ventures және басқа да ірі қорлар қатысты. Компания өз мәлімдемесінде сала өкілдері мен продюсерлермен ынтымақтастыққа ризашылығын білдірді, бірақ нақты есімдерді атамады.



















Пікірлер 0
…