Apple Messages for Business платформасына алғашқы ЖИ-агентті қосты

Жасанды интеллект агенттерін пайдалануды кәдімгі SMS жіберу деңгейінде жеңілдеткен Poke стартапы Apple компаниясының Messages for Business платформасында жұмыс істеуге рұқсат алған алғашқы ЖИ-агентке айналды. Осы уақытқа дейін бұл платформа тек әуе компаниялары, қонақүйлер және ірі бөлшек сауда желілері сияқты серіктес бизнестер үшін ашық болды. Енді Apple өз экожүйесін жасанды интеллект агенттері үшін де аша бастады. Бұл туралы Techcrunch.com хабарлайды .
Наурыз айында іске қосылған Poke күрделі командалық жолдармен немесе OpenClaw сияқты жүйелермен жұмыс істегісі келмейтін қарапайым пайдаланушыларға арналған. Ол күнделікті жоспарлау, күнтізбені басқару, денсаулық көрсеткіштерін бақылау, ақылды үйді басқару және суреттерді өңдеу сияқты тапсырмаларды мәтіндік хабарламалар арқылы орындайды. TechCrunch деректеріне сәйкес, қызмет қазіргі уақытта SMS, Telegram және WhatsApp арқылы 100 миллионнан астам хабар алмасқан.
Poke жобасының Apple платформасына шығуы күтілетін Worldwide Developers Conference (WWDC) конференциясы қарсаңында орын алды. Бұл шарада Apple компаниясы жасанды интеллектпен толықтырылған Siri-дің жаңа нұсқасын және басқа да ЖИ құралдарын таныстырады деп күтілуде. Messages for Business арқылы пайдаланушылар iMessage интерфейсінде компаниялармен байланысып, қоңырау шалмай-ақ түрлі қызметтерді пайдалана алады.
Калифорниялық The Interaction Company стартапының негізін қалаушыларының бірі Марвин фон Хагеннің сөздеріне қарағанда, компания Apple-ға әрбір пайдаланушы үшін ақы төлейді. Оның айтуынша, Apple бұл бағытты табысты бизнес-модельге айналдыруда. Apple рұқсатын алу үшін стартап өзін ЖИ-агент екенін нақты көрсетуі және қажет болған жағдайда тірі оператордың көмегін ұсына алатынын дәлелдеуі керек болды.



















Пікірлер 0
…