AirTrunk Үндістанда ЖИ деректер орталықтары үшін 30 млрд доллар инвестициялайды

Blackstone қолдау көрсететін AirTrunk операторы 2030 жылға қарай Үндістан экономикасына 30 миллиард доллар инвестиция салатынын жариялады. Аустралиялық компания елде жалпы қуаты 5 гигаватт (ГВт) болатын жаңа деректер орталықтарын салуды жоспарлап отыр. Бұл Оңтүстік Азия аймағының цифрлық инфрақұрылымына бағытталған ең ірі инвестициялық міндеттемелердің бірі болды. Бұл туралы Techcrunch.com хабарлайды .
AirTrunk биыл жыл басында Lumina CloudInfra компаниясын сатып алу арқылы Үндістан нарығына кірген еді. Bernstein зерттеу фирмасының деректеріне сәйкес, Үндістандағы деректер орталықтарының қуаты бүгінгі 1,5 ГВт көрсеткішінен 2030 жылға қарай 8 ГВт-ға дейін өсуі күтілуде. Үндістан үкіметі де жасанды интеллект инфрақұрылымын тарту үшін шетелдік бұлтты қызмет провайдерлеріне 2047 жылға дейін салықтық жеңілдіктер ұсынып отыр.
Компания кеңейу үшін іргетас қалауды бастап кетті. Атап айтқанда, Махараштра штатында қуаты 3 ГВт болатын ірі жоба үшін жер бөлу туралы келісімге қол жеткізілді. AirTrunk бас атқарушы директоры Робин Худа мен Премьер-министр Нарендра Моди арасындағы кездесуден кейін, бұл инвестицияның Үндістанның бұлтты есептеулер және жасанды интеллект саласындағы жаһандық хабқа айналуына қызмет ететіні атап өтілді.
Қазіргі уақытта Amazon, Google, Microsoft және OpenAI сияқты технологиялық алыптар да Үндістанда өз инфрақұрылымдарын кеңейтуде. Дегенмен, сарапшылар деректер орталықтарының электр энергиясына, суға және жер ресурстарына деген орасан зор қажеттілігі болашақта негізгі кедергі болуы мүмкін екенін ескертеді. Deloitte есептеулеріне сәйкес, Азия-Тынық мұхиты аймағында мұндай жобалар ондаған тераватт-сағат қосымша энергияны талап етеді.

















Пікірлер 0
…