Meta Reddit аналогы болып табылатын Forum қосымшасын іске қосты

Meta компаниясы Facebook Groups үшін арналған Forum атты жаңа дербес қосымшаны таныстырды. Компания бұл платформаны Reddit секілді жұмыс істейтін жүйе ретінде көреді және оны «терең талқылаулар, нақты жауаптар және пайдаланушылар үшін құнды қауымдастықтарға арналған арнайы кеңістік» деп сипаттайды. Қосымшаны алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желілер бойынша сарапшы Мэтт Наварра байқады. Бұл туралы Techcrunch.com хабарлайды.
Пайдаланушылар Forum қосымшасына Facebook аккаунты арқылы кіре алады. Жүйе пайдаланушының топтарын, профилін және белсенділігін автоматты түрде жүктейді. Сондай-ақ, стандартты Facebook қосымшасындағыдай, мұнда да лақап ат (nickname) арқылы пост жазу мүмкіндігі бар. Meta өкілдері топтардың Facebook платформасында да сақталатынын және Forum қосымшасында бөлісілген кез келген ақпараттың негізгі желідегі топтарда да көрінетінін атап өтті.
Қосымшаның негізгі таспасы топтардағы тікелей сұхбаттарға бағытталған, бұл пайдаланушыларға тек трендтегі тақырыптарды ғана емес, нақты адамдардың пікірлерін де көруге мүмкіндік береді. Forum құрамына жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Ask» (Сұрау) бөлімі де енгізілген. Бұл функция арқылы пайдаланушылар әртүрлі топтардағы талқылаулардан жинақталған жауаптарды ала алады. Сондай-ақ, топ әкімшілері үшін контентті басқаруға көмектесетін AI-көмекші де енгізілді.
Бұл Meta компаниясының топтар үшін бөлек қосымша шығару бойынша алғашқы талпынысы емес. 2014 жылы компания Groups қосымшасын іске қосқан болатын, бірақ ол 2017 жылы жабылды. Forum қосымшасы — Meta тарапынан соңғы апталарда ұсынылған екінші өнім. Өткен айда компания Instagram достарымен уақытша суреттермен бөлісуге мүмкіндік беретін Instants қосымшасын да шығарған еді.
The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Марк Цукерберг жасанды интеллект көмегімен жұмыс тиімділігін арттыру арқылы компания болашақта одан да көп қосымшалар жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Цукерберг бас өнім директоры Крис Кокспен сұхбатында тіпті 50 жаңа қосымша жасау мүмкіндіктерін талқылағанын айтқан.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!