Ресей және Қытай ғалымдары қатты денелі аккумуляторлар үшін жаңа электролит жасады

Ресей және Қытай ғалымдары қатты денелі аккумуляторлардың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және қызмет ету мерзімін арттыратын жетілдірілген керамикалық электролит пен арнайы қорғаныс қабатын әзірледі. Бұл жобаға «Идея» ғылыми орталығының, М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың, Сиань Цзяотун университетінің және «Дубна» мемлекеттік университетінің мамандары қатысты. Бұл туралы Ixbt.com хабар береді.
Зерттеудің негізгі мақсаты – болашағы зор қатты денелі литийлі батареялардың ең үлкен мәселелерінің бірі – қысқа тұйықталуға әкелуі мүмкін литий дендриттерінің пайда болуын жою. Ол үшін зерттеушілер керамикалық ұнтақтарды ірі және ұсақ бөлшектермен араластырып, электролит құрамын жақсартты. Нәтижесінде материал тығыздау, берік және химиялық әрі электрохимиялық әсерлерге төзімді болды.
Сонымен қатар, керамикалық электролит пен литий аноды арасында жұқа екі қабатты қорғаныс интерфейсі жасалды. Бұл қабат керамиканың бұзылуының алдын алады және дендриттердің өсуін баяулатады. Жаңа қорғаныс қабаты бар аккумуляторлар 1400 сағаттан астам жұмыс істеді, бұл қорғалмаған аналогтарға қарағанда екі есе көп.
Сынақ нәтижелеріне сәйкес, 100 зарядтау және разрядтау циклінен кейін батареялар бастапқы сыйымдылығының 95 пайызын сақтап қалды, ал кулондық тиімділік 99,9 пайызды құрады. Сондай-ақ, 300 °C температураға дейін қыздырғанда жаңа элементтер бүтіндігін сақтап қалса, қорғаныс қабаты жоқ үлгілер бұзылып кетті.
Ғалымдардың айтуынша, бұл технология тек тиімді ғана емес, сонымен қатар ауқымды өндіріске де жарамды. Бұл қатты денелі аккумуляторларды нақты құрылғыларда практикалық қолдану процесін айтарлықтай жақындатуы мүмкін.


















Пікірлер 0
…