date

Өзбекстанның киберқауіпсіздігін АҚШ компаниясы қамтамасыз етеді

Өзбекстанның киберқауіпсіздігін АҚШ компаниясы қамтамасыз етеді
Өзбекстан Республикасы киберқауіпсіздік саласында әлемдегі жетекшілердің бірі болып табылатын АҚШ-тың Palo Alto Networks компаниясымен ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Әріптестіктің негізгі бағыты — елдің цифрлық инфрақұрылымына жасанды интеллект негізіндегі озық технологияларды интеграциялау арқылы киберқауіптерден қорғауды күшейтуге бағытталады.

Аталған келісім Өзбекстан үкіметі делегациясының АҚШ-қа сапары барысында жүзеге асырылды. Делегация құрамында Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов пен Инвестициялар министрі Лазиз Қудратов қатысты.

Сапар барысында Palo Alto Networks компаниясының мемлекеттермен әріптестік және қоғамдық саясат жөніндегі вице-президенті Дэниел Кросспен келіссөздер өткізілді. Кездесуде Өзбекстанның цифрлық қауіпсіздік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдар талқыланды.

Тараптар мемлекеттік және жекеменшік секторда мәліметтерді қорғау, сондай-ақ цифрлық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін заманауи жүйелерді енгізу мәселелерін жан-жақты қарастырды. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін озық жүйелер — киберқауіптерді нақты уақыт режимінде анықтап, жоюға қабілетті алгоритмдер, сондай-ақ шифрлау технологияларын пайдалану жоспарлануда.

Әріптестік тек технологияларды жеткізумен шектелмей, кең ауқымды киберқауіпсіздік бағдарламаларын іске қосуды да қамтиды. Бұл бағдарламалар аясында кеңестер ұйымдастырылады және америкалық пен өзбекстандық мамандар арасында тәжірибе алмасу жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, цифрлық қауіпсіздік, оқиғаларға шұғыл жауап беру және қауіптерді талдау секілді салаларда жергілікті кадрларды дайындау мен олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл Өзбекстанда заманауи қорғаныс технологияларымен жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандар базасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Келіссөздер барысында жергілікті стартап жобаларының техникалық қауіпсіздігі мен әлемдік стандарттарға сәйкестігін бағалау мәселесі де қаралды. Аталған келісім — Өзбекстанның жетекші халықаралық ІT компанияларын тарту бойынша кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі.

Бұған дейін Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов АҚШ-тың Wersirius логистика компаниясы және AMALT қауымдастығы басшылығымен келіссөздер жүргізіп, Өзбекстанда операциялық орталықтар ашу және жаңа бағдарламаларды іске асыру мәселелерін талқылаған еді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Өзбекстан » Өзбекстанның киберқауіпсіздігін АҚШ компаниясы қамтамасыз етеді