Күн сөнгеннен кейін планеталармен не болатыны белгілі болды

Шамамен 5 миллиард жылдан кейін Күн қызыл алыпқа айналып, кейіннен ақ ергежейлі жұлдызға айналады. Ғалымдардың жаңа зерттеуіне сәйкес, бұл процесс Күн жүйесіндегі планеталардың орбиталарын тұрақсыздандырып, олардың кейбіреулерінің жүйеден шығып кетуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы Naked Science басылымы The Astrophysical Journal Letters журналындағы зерттеуге сүйене отырып хабарлады.
Ғалымдардың есептеулері бойынша, Күн қызыл алыпқа айналғанда оның сыртқы қабаттары қазіргі Жер орбитасына дейін жетуі мүмкін. Алайда Жердің нақты тағдыры әзірге белгісіз: планета алысырақ орбитаға ығысуы немесе Күн атмосферасымен әрекеттесу нәтижесінде жұлдызға жақындауы мүмкін.
Кейін Күн сыртқы қабаттарын жоғалтып, ақ ергежейліге айналады. Жаңа зерттеуде ғалымдар оның массасы біркелкі емес, мерзімді пульсациялар арқылы азаятынын ескерген. Бұл өзгерістер планеталар орбитасына әсер етіп, уақыт өте келе бүкіл жүйенің тұрақтылығын бұзуы мүмкін.
Модельдеу нәтижелеріне сәйкес, Күн ақ ергежейліге айналғаннан кейінгі алғашқы 3 миллиард жыл ішінде модельденген планеталық жүйелердің 96 пайызында орбиталық тұрақтылық бұзылған. Жүйелердің 40 пайызында тұрақсыздық Күн әлі қызыл алып сатысында болған кезде басталған.
Бұл барлық планеталар міндетті түрде жойылып кетеді деген сөз емес. Кейбір сценарийлерде Уран мен Нептунның орбиталары ауысып, басқа планеталар өз орбиталарынан шығып кетуі мүмкін. Кейбір жүйелердің ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап қалуы да ықтимал.
Зерттеу авторлары Күн жүйесіне ұқсас жүйелердің реалистік модельдердегі орташа өмір сүру ұзақтығын шамамен 1 миллиард жыл деп бағалаған. Күн массасы біркелкі азаяды деп алынған идеалдандырылған есептеулерде бұл мерзім квинтиллион жылға дейін жеткен. Алайда мұндай сценарий жұлдыздың шынайы эволюциясын толық көрсетпейді.
Ғалымдар жаңа нәтижелер Күн жүйесінің болашағы туралы барлық сұрақтарға жауап бермейтінін атап өтуде. Ақ ергежейлі және тіпті нейтронды жұлдыздардың айналасынан да планеталардың табылуы олардың жұлдыз эволюциясынан кейін қалай сақталып қалғанын тереңірек зерттеу қажеттілігін көрсетеді.


















Пікірлер 0
…