Боруссия Дортмунд Серу Гирассиді ұстап қалу үшін жаңа жұлдыз сатып алады

Боруссия Дортмунд басшылығы команданың үздік сұрмергені Серу Гирассиді клубта қалуға көндіру үшін ауқымды трансферлік жоспар құрды. Sport Bild басылымының хабарлауынша, шабуылшыға болашақта оның нәтижелілігін арттыруға көмектесетін жоғары деңгейлі жаңа шабуылдаушы ойыншы сатып алуға уәде берілген. Спорттық директор Оле Бук пен атқарушы директор Ларс Риккен футболшымен кездесіп, клубтың алдағы трансферлік жоспарларымен таныстырды. Бұл туралы Goal.com хабар береді.
30 жастағы Гвинея құрамасы ойыншысының 2028 жылға дейінгі келісімшартында топ-клубтар үшін шамамен 35 миллион еуро көлемінде өтемақы сомасы көрсетілген. Гирасси біраз уақыттан бері клубтан кетуді ойлап жүр. Атап айтқанда, Ыстанбұлдың Фенербахче клубының президенттігіне үміткер Әзиз Йылдырым сайлауда жеңіске жетсе, бұрынғы Штутгарт шабуылшысын командаға тарту бойынша келісімге келгенін мәлімдеген еді.
Оле Бук Гирассидің командада қалуына толық кепілдік бермеді. Оның сөзінше, футболшының голдары команда үшін өте маңызды және клуб оны жібергісі келмейді, алайда бас тартуға мүмкін болмайтын ұсыныс түссе, бұл мәселе қарастырылуы мүмкін. Боруссия Дортмунд жаңа трансферлерді жүзеге асыру үшін Джоан Гаду, Кауа Пратес және Джастин Лерма сияқты жас футболшылардың сатылымынан түскен қаражатқа сүйенуде.
Сондай-ақ, Карим Адейемидің трансфері де жаңа сатып алулар үшін қаржы көзі болуы мүмкін. Егер 24 жастағы футболшы 2027 жылға дейінгі келісімшартын ұзартпаса, клуб оны тегін жібермеу үшін жазда сатуға мәжбүр болады. Әзірге Гирассиге кім серіктес болатыны белгісіз, бірақ Джейдон Санчоңың оралуы туралы қауесеттер дерлік жоққа шығарылды.


















Пікірлер 0
…