date

Финляндия президенті Өзбекстанға алғашқы ресми сапармен келеді

Финляндия президенті Өзбекстанға алғашқы ресми сапармен келеді

Финляндия президенті Александр Стубб осы жылдың қазан айының соңында Өзбекстанға алғашқы ресми сапарымен келеді. Финляндия басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар 30–31 қазан күндері өтеді.

31 қазанда, жұма күні, Ташкент қаласында Финляндия президенті Александр Стубб пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің ресми келіссөздері өтеді. Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі, сауда және инвестициялық қатынастар, сондай-ақ жаһандық геосаяси мәселелер талқыланады.

Сапар аясында бизнес-семинар, Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетінде дәріс және сыртқы саясат сарапшыларымен кездесу жоспарланған. Бұл іс-шаралар екі ел арасындағы экономикалық және ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Финляндия делегациясының құрамында парламент депутаты, Өзбекстанмен достық тобының төрағасы Вилле Скиннари және бірқатар ірі фин компанияларының өкілдері болады. Бұл ынтымақтастық “жасыл энергетика”, технологиялық инвестициялар және білім салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, Финляндия президентінің Өзбекстанға бұндай деңгейдегі соңғы сапары 1992 жылы – бұрынғы президент Маунo Койвистоның келуімен өткен. 33 жылдан кейін жүзеге асатын бұл сапар екі ел қатынастарында жаңа кезеңді бастайды деп күтілуде.

Шавкат Мирзиёев сапар қарсаңында Александр Стуббпен телефон арқылы сөйлесіп, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Президенттер екі ел арасындағы достық пен сенімді серіктестікті нығайту ниеттерін білдірді.

Александр Стуббтың Ташкентке келуі тек ресми келіссөз емес, сонымен қатар Финляндия мен Өзбекстан арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалануда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Өзбекстан » Финляндия президенті Өзбекстанға алғашқы ресми сапармен келеді