date

Аргентина Диего Марадонаға арналған мерейтойлық монета шығарды

Аргентина Диего Марадонаға арналған мерейтойлық монета шығарды

Аргентина Орталық банкі 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына орай тарихи маңызы бар жаңа ескерткіш күміс монетаны ұсынды. Бұл монета елдің футбол дәстүрлеріне ғана емес, сонымен қатар аты аңызға айналған Диего Марадонаның мұрасына да терең құрмет белгісі.

Арнайы шығарылған монетаның артқы жағында 1986 жылы Мексикадағы әлем чемпионатында Англия құрамасына қарсы ойында Марадонаның жалғыз өзі бүкіл алаңды жүгіріп өтіп, "ғасыр голы" деп аталатын голды соққан сәті траектория түрінде бейнеленген. Бұл тарихи оқиғаға 2026 жылы 40 жыл толуына орай осы жасалған дизайн ерекше мәнге ие болады.

Монетаның бет жағында төменнен жоғары көтеріліп келе жатқан доптың бейнесі бар. Бұл аргентиналықтардың футболға деген шексіз құштарлығын және командаға деген сүйіспеншілігін символдық түрде білдіреді. Орталық банктің ресми мәлімдемесінде "бұл монета - Аргентина футболының рухы, мақтанышы және әлемдік сахнадағы данышпандығының символы болып саналады" делінген.

Жасалуы жағынан да монета өте сирек кездеседі: 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы 27 грамм, диаметрі 40 миллиметр. Оның таралымы да шектеулі - бар болғаны 2,5 мың дана. Монетаның номиналдық құны 10 доллар деп белгіленген. Сондай-ақ халықаралық коллекторлар үшін дәл осындай дизайндағы алтын нұсқа да дайындалуда.

Марадонаның 1986 жылғы Мексика чемпионатындағы ойыны футбол тарихындағы бетбұрыс болды. Ол "ғасыр голымен" ғана емес, бүкіл турнир бойына шебер ойынымен Аргентинаға әлем чемпионы атағын алып келген еді. Осы арқылы ол Аргентинада ғана емес, бүкіл әлемде "футбол королі" ретінде есте қалды.

Аргентина қазір де әлем чемпионы. Лео Месси бастаған команда 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатын жеңіп алды және Марадонаның рухымен байланысты бұл жетістік ел үшін тарихи сабақтастықтың символына айналды.

Естеріңізге сала кетейік, келесі Әлем чемпионаты - 2026 жылғы мундиаль 11 июньнен 19 июльге дейін АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл тарихта алғаш рет үш ел бірлесіп өткізетін жарыс болмақ.

Осылайша, жаңа күміс монета тек нумизматикалық құндылық ретінде ғана емес, сондай-ақ бүкіл ұрпақтың естелігі және футбол арқылы ұлттың мақтанышының жарқын символы ретінде тарихқа енеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Аргентина Диего Марадонаға арналған мерейтойлық монета шығарды