date

Бір жыл бойы іздеуде болған ядролық зерттеушінің денесі табылды

Бір жыл бойы іздеуде болған ядролық зерттеушінің денесі табылды

АҚШ-тың Нью-Мексико штатында бір жылдан астам уақыт бойы іздеуде болған Лос-Аламос ұлттық зертханасы қызметкерінің сүйегі табылды. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

Мәлім болғандай, табылған сүйектер соңғы рет 2025 жылғы 26 маусымда штат автожолының аумағында көрінген 53 жастағы Мелисса Касиасқа тиесілі. Оны 2026 жылғы 28 мамырда турист Карсон ұлттық орманының Макгаффи жотасы аумағынан тапқан.

Штат полициясы таратқан мәлімдемеде: «Тергеушілер сүйектердің жанынан тапанша да табылғанын анықтады», — делінген.


Марқұмның еңбек жолы ғарыш, қорғаныс және ядролық зерттеулермен байланысты болған. Ол соңғы айларда хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған америкалық ғалымдар қатарына қосылды. Бұл оқиғалардың кейбірі өз-өзіне қол жұмсау деп бағаланса, басқалары әртүрлі себептермен түсіндірілген.

Алайда бұл оқиғалар интернетте әртүрлі болжамдар мен қастандық теорияларының таралуына себеп болып, тіпті Конгресс мүшелерінің де назарын аударды. Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптан бұл жағдайларды мұқият қарап, тексеру жүргізу сұралды.

Полиция мәліметінше, Касиастың жеке басы Нью-Мексико медициналық сараптама басқармасымен бірлесе отырып расталды. Оның өліміне не себеп болғаны әзірге белгісіз. Касиастың жоғалып кетуіне байланысты тергеу амалдары жалғасуда.

Касиас қалай жоғалып кетті?

2025 жылғы шілдеде NBC телеарнасына берген сұхбатында Касиастың жұбайы Марк оны соңғы рет 26 маусым күні сағат 06:15-те көргенін айтқан. Оның айтуынша, сол күні әйелін АҚШ-тың ядролық қару қорын сақтауға қатысатын нысанға апарған.

Марктың сөзіне қарағанда, Мелисса қызмет бабымен зертхананың 40 шаршы мильдік кампусындағы басқа нүктеге баруды жоспарлаған. Сонымен қатар, ол отбасылық көлікті сағат 11:00-ге дейін қайтаруы керек болған.

«Сол күні мен онымен соңғы рет сөйлестім деуге болады», — деді Марк.


Кейін тергеушілер Мелиссаның сол күні таңертең күтпеген жерден үйіне қайтып келгенін анықтады. Қызы Сьерра оның неге сағат 07:45-те үйге оралғанын сұрағанда, анасы бейджигін ұмытып кеткенін айтқан.

«Нысанға кіру үшін бейджик талап етіледі және ол сол күні оны көрсеткен», — деді Марк.


Мелисса белгіленген уақытта көлікті қайтармағанда, Марк алдымен оны жұмыспен айналысып жүр деп ойлаған. Алайда көп ұзамай Мелиссаның басшысы қоңырау шалып, оның қайда екенін сұраған.

«Ол менен: “Мелиссаның жағдайы жақсы ма?” деп сұрады. Мен: “Иә, ол жұмыста болуы керек” дедім. Бірақ ол “жоқ, ол жұмыста емес” деп жауап берді», — деп еске алады Марк.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Мелисса соңғы рет шамамен сағат 14:18-де көрінген. Сол кезде отбасының танысы оны Нью-Мексико штатындағы 518-магистраль жолымен шығысқа қарай бара жатқанын байқаған.

Тергеушілер Мелиссаның барлық жеке заттарын, соның ішінде сөмкесі мен «тазартылған» телефондарын үйінен тапты. Сүйектер табылғаннан кейін марқұмның отбасы мүшелері оның денесі бұған дейін де іздеу жұмыстары жүргізілген аумақтан табылғанын хабарлады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Бір жыл бойы іздеуде болған ядролық зерттеушінің денесі табылды