Ламин Ямаль және 2026 жылғы Әлем чемпионатының 12 жас жұлдызы

Солтүстік Америкада өтетін кезекті Әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалды. Командалар турнирге соңғы дайындықтарын жүргізіп жатқанда, бүкіл әлемнің назары футбол әлемінің ең талантты жас ойыншыларына аударылды. Пеле мен Килиан Мбаппе сияқты аңыздар жасөспірім шағында финалда гол соғып, тарихқа енген еді. Енді АҚШ, Мексика және Канада алаңдарында жаңа буын өкілдері өздерін көрсетуге дайын. Бұл туралы Goal.com хабар таратады.
Бұл турнирдің ең басты кейіпкерлерінің бірі Ламин Ямаль болады деп күтілуде. «Барселона» мен Испания құрамасының вингері 16 жасында Грузия қақпасына гол соғып, Луис де ла Фуэнте командасының ажырамас бөлігіне айналған еді. Еуро-2024 турниріндегі керемет ойыны, әсіресе жартылай финалда Франция қақпасына соққан суперголы оның үлкен сахнадан қорықпайтынын дәлелдеді. Сәуір айында алған жарақатына байланысты алғашқы ойындарды жіберіп алуы мүмкін болса да, оның сапқа қайтуы Испанияның чемпиондық мүмкіндіктерін күрт арттырады.
Испания құрамында жарқырауы күтіліп отырған тағы бір жас талант — Пау Кубарси. 19 жастағы қорғаушы Ханси Фликтің баптауымен «Барселона» сапында екі жылдан бері тұрақты ойын көрсетіп келеді. Доппен жұмыс істеу шеберлігі және қорғаныстағы салқынқандылығымен ерекшеленетін Кубарси Еуропа чемпионатын жіберіп алғанымен, іріктеу кезеңінде өзін көрсетіп, негізгі құрамнан орын алуға үлгерді.
GOAL басылымы таңдап алған NXGN санатындағы 12 жас ойыншы қатарында Леннарт Карл сияқты таланттар да бар. Бұл футболшылар тек өз құрамаларының жетістігіне үлес қосып қана қоймай, бүкіл әлем футбол жұртшылығының назарын аударып, трансфер нарығының басты нысаналарына айналуы күтілуде. 2026 жылғы әлемдік доданың жаңа жұлдыздардың тууына куә болары анық.



















Пікірлер 0
…