Ұзындығы 265 метрлік тоннельден 45 миллион долларлық жүк табылды

Мексика қауіпсіздік органдары АҚШ-пен шекаралас аумақта ірі жерасты тоннелін әшкереледі. Тергеушілердің пікірінше, бұл жасырын өткел арқылы есірткі, қару-жарақ және басқа да тыйым салынған жүктер заңсыз тасымалданған болуы мүмкін.
Мексика Бас прокуратурасының хабарлауынша, тоннель 31 мамырда Тихуана қаласының маңынан табылды. Оның АҚШ аумағына дейін жету ықтималдығы жоғары бағалануда.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жерасты өткелінің ұзындығы шамамен 265 метр, ал тереңдігі 6 метрден асады. Айта кетерлігі, тоннель заманауи технологиялармен жабдықталған, онда жарықтандыру жүйесі, ауа алмастыру құрылғылары және жүк тасымалдауға арналған арнайы электронды механизмдер бар.
Жедел іс-шаралар барысында құны шамамен 45 миллион доллар деп бағаланған 1029 келі кокаин, сондай-ақ метамфетамин, марихуана, оқ-дәрілер және түрлі құжаттар тәркіленді.
АҚШ құқық қорғау органдары бұл операцияны елдегі ең қауіпті қылмыстық топтардың бірі саналатын «Халиско – Жаңа буын картелінің» қызметіне берілген ауыр соққы ретінде бағалауда.
Осы іс аясында төрт күдікті ұсталды. Оларға есірткі саудасы және заңсыз тоннельдерді пайдалану бойынша айыптаулар тағылды. Егер сот олардың кінәсін дәлелдесе, күдіктілер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мексика прокуратурасының мәліметінше, тоннель АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы көшелердің біріне жалғасуы мүмкін. Алайда оның америкалық жақтағы нақты шығу нүктесі әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Ресми органдар екі ел шекарасындағы жерасты контрабанда желілеріне қарсы күрестің одан әрі күшейтілетінін мәлімдеді.



















Пікірлер 0
…