date

Хантавирус неге дүрбелең тудыруда: Бұл «екінші COVID» пе?

Хантавирус неге дүрбелең тудыруда: Бұл «екінші COVID» пе?

2026 жылдың мамыр айының басында MV Hondius круиздік лайнерінде хантавирус тарағаны туралы хабарлар әлем жұртшылығының назарын аударды. Аргентинадан Кабо-Вердеге бет алған кемеде вирус салдарынан бірнеше адамның қайтыс болуы әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, лайнердегі 147 жолаушының үшеуі — 69 жастағы голландиялық ер адам, оның 70 жастағы жұбайы және 69 жастағы британдық азамат көз жұмған. Барлығы сегіз адамнан ауру анықталды. Кеме экипажы мен жолаушылары карантинге алынды.

Қазіргі уақытта кеме Тенерифе аралының портына қарай бет алуда. Мәлім етілгендей, сау жолаушылар өз елдеріне қайтарылады. Сонымен қатар, вирус туралы хабарлар тарағанға дейін 40-қа жуық жолаушының кемеден түсіп қалғаны алаңдаушылықты күшейтті. Қазір кемінде он мемлекеттің денсаулық сақтау мекемелері олардың жағдайын бақылауда.

8 мамырда Израильде де хантавирусқа қатысты алғашқы жағдай тіркелді. Бір күн өткен соң, тағы бір круиздік кемеде 110-нан астам адамның ауырғаны туралы ақпарат тарады.

Сонымен, хантавирус өзі қандай вирус?

Мамандардың айтуынша, хантавирустардың 20-дан астам түрі бар, олар негізінен ауыр респираторлық ауруларды тудырады. Вирустың негізгі тасымалдаушылары — кеміргіштер. Ал адамдарға ауру көбінесе вирус жұққан жануарлардың бөлінділері арқылы беріледі.

Хантавирус өкпе мен бүйрек қызметіне елеулі зиян келтіруі мүмкін. Ауру әдетте қызудың көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, жүрек айнуы және қатты шаршаумен сипатталады. Мамандар вирусқа күдік туындаған жағдайда алғашқы симптомдардан 72 сағат өткен соң қайта талдау тапсыруға кеңес береді. Қазіргі уақытта вирусқа қарсы арнайы дәрі жоқ, науқастарға демеуші ем қолданылады.

MV Hondius лайнерінде қайтыс болған алғашқы жолаушы да вирусты кеміргіштер арқылы жұқтырғаны айтылуда. Ер адам Оңтүстік Америкада хантавирус тасымалдаушы кеміргіштер мекендейтін аймақтарда саяхаттаған.

Мамандар Латын Америкасында кездесетін Andes штаммы адамнан адамға жұғуы мүмкін жалғыз хантавирус түрі екенін атап өтуде. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жағдай өте сирек кездесетінін және ұзақ уақыт байланыста болуды талап ететінін мәлімдеді.

ДДСҰ хантавирусқа қатысты жағдайды «екінші COVID» ретінде бағалаудың қате екенін де хабарлады.

«Хантавирустар бізге бұрыннан белгілі. Біз оның қасиеттерін жақсы түсінеміз. Ол коронавирус сияқты тез таралмайды», — деді ДДСҰ-ның эпидемиялар мен пандемиялардың алдын алу жөніндегі директорының міндетін атқарушы Мария Ван Керкхове.

Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде дүрбелең күшеюде. Кейбір қолданушылар 2012 және 2022 жылдары Twitter-де хантавирус туралы айтылған «болжамдарды» қайта таратуда. Атап айтқанда, 2012 жылы микробиолог Джейсон Тетроның пандемия тудыру үшін хантавирусты адамнан адамға жұғатындай етіп өзгерту туралы естігені жайлы жазбасы қайта танымал болды.

Бұдан бөлек, 2022 жылы @iamasoothsayer атымен танымал аккаунт та 2026 жылы хантавирус пандемиясы басталатынын «болжағаны» үшін талқылау орталығына айналды.

Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары 2020 жылғы пандемия кезіндегі танымал трендтер — Dalgona кофесі мен TikTok билерін еске алып, «жаңа пандемия» туралы әзіл-қалжың видеолар жүктей бастады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Хантавирус неге дүрбелең тудыруда: Бұл «екінші COVID» пе?