date

Трамп Қытай сапарынан күтілген нәтижесіз оралды

Трамп Қытай сапарынан күтілген нәтижесіз оралды

АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға жасаған үш күндік мемлекеттік сапары күтілгендей нәтижелі болмады. Бейжіңде өткен келіссөздер мен кездесулерге қарамастан, сауда мәселесінде де, Иранға қатысты күрделі геосаяси тақырыптарда да елеулі жетістіктерге қол жеткізілмеді.

«Reuters» агенттігінің хабарлауынша, Трамп сапар барысында негізінен қысқа мерзімді экономикалық пайдаға баса назар аударды. Атап айтқанда, Boeing ұшақтарын Қытайға сату туралы келісімдер айтылды. Алайда мұндай мәмілелер инвесторлар мен сарапшылар тарапынан үлкен стратегиялық жетістік ретінде бағаланбады. Себебі олар ұзақ мерзімді сауда тепе-теңдігін шешуге қызмет етпейді.

Қытай басшысы Си Цзиньпин болса, келіссөздерде мүлдем басқаша көзқарасты алға тартты. Ол екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды ұзақ мерзімді перспективада тұрақты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол жаңа тіркес — «сындарлы стратегиялық тұрақтылық» ұғымын қолданды. Бұл термин бұған дейін Джо Байден қолданған және Бейжің салқын қабылдаған «стратегиялық бәсекелестік» тіркесінен мүлдем өзгеше.

Сарапшылардың пікірінше, тараптар арасындағы елеулі келісімдерге қол жеткізуге дәл осы көзқарастардың алшақтығы кедергі болды. Вашингтон жедел экономикалық пайданы көздесе, Бейжің ұзақ мерзімді тұрақтылықты басымдық деп санады.

Естеріңізге сала кетейік, Трамп 13 мамырда Қытайға ресми сапармен барған болатын. Бұл оның соңғы тоғыз жылдағы алғашқы сапары болды. Сапар барысында ол Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді, мемлекеттік банкетке қатысты және кездесулерді жоғары бағалады. Тіпті ол баспасөзге шығып, «фантастикалық сауда келісімдері» жасалғанын да айтқан еді.

Соған қарамастан, тәуелсіз бақылаушылар бұл мәлімдемелерге сақтықпен қарауда. Олардың пікірінше, нақты нәтижелер әлі көрінбейді және қол жеткізілген келісімдер негізінен декларативті сипатқа ие.

Қызықты тұсы сол, сапар соңында Трамп Си Цзиньпинді АҚШ-қа шақырып, оны «өз аумағында жеңу» ниетін білдірді. Қытай басшысы бұл шақыртуды қабылдады. Енді сарапшылар бұл кездесу шынымен де маңызды бетбұрыс нүктесіне айнала ма, әлде тек символдық деңгейде қала ма — соны бақылауда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Трамп Қытай сапарынан күтілген нәтижесіз оралды